Смирноводағы су мұнарасына ер адам шығып алып, өз-өзіне қол жұмсаймын деп сес көрсетуде. Аққайың аудандық полиция бөліміне тапа тал түсте осындай хабар келіп жетеді. 44 жастағы тұрғын 20 метр биіктіктен секіріп кетпекші болған.
АЛЕКСАНДР ЛИЗУН, Аққайың ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы:
– Мен хабарламаны алғаннан кейін полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлері, прокуратура және медицина мамандары тұрған су мұнарасына келдім. Бастапқыда онымен сөйлесіп, райынан қайтарғым келді. Көнбеді. Қасымдағы әріптесім қоршаудан өтіп бара жатқанда ол төмен секіремін деп айқайлай бастады.
Тәуекелге бел буған ер адамның бұрын ішімдікке құмар болғаны анықталды. Шаңырақ көтермеген екен. Өткен жылы наркологиялық мекемеде ем алыпты. Не үшін мұндай қадамға барғаны белгісіз. Өзге мамандар ер адамды сөзге тартуға тырысып жатқанда Александр Лизун білдіртпей мұнараның төбесіне шыққан.
АЛЕКСАНДР ЛИЗУН, Аққайың ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы:
– Баспалдақпен бірден мұнараның жоғарғы жағына көтерілдім. Ер адамның эмоционалды жағдайын ескеру маңызды болды. Мен жоғарыға көтерілгеннен кейін оның қолынан ұстап, төмен түсіруге көндірдім.
Тілдескеннен кейін ер адам полицейдің айтқанына көнген. Жерге түскен онымен арнайы мамандар сөйлесіпті.
Акжунис Мухатай