Қоғам

“Мерейлі отбасы” облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды

Өңірде жыл сайын берекесімен көпшілікке үлгі болған жанұяларды дәріптеу мақсатында “Мерейлі отбасы” байқауы өтеді. Бүгін облыс орталығында осы сайыстың қорытындысы жарияланды. Оған қалалық және аудандық кезеңдерден сүрінбей өткен 28 отбасы қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев марапттау жиынында бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі жайында айтты.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бақытты балалық шақ, алаңсыз қарттық пен әр шаңырақтың шаттығы – мемлекет саясатының ең басты мақсаттарының бірі. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрметпен ынтымақтастықтың ошағы. Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің діңгегі. Дана халқымыз «Ұяда не көрсен, ұшқанда соны ілерсің» дегендей бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі өте зор.

Ғ.Мүсірепов ауданында облыстық кезеңге 6 отбасының ішінен 2-еуі өткен. Соның бірі – Жаңатуғановтар әулеті. Ерлі-зайыпты теміржол саласында еңбек етеді. 6 баласы бар. Оның 4-еуін асырап алған. Отбасы ауызбіршілігімен көзге түсіп, 3-ші орынды иеленді.

АРАЙ ЖАҢАТУҒАНОВА, Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны:

– Аудандық байқауға қатысуға өзіміз өтініш білдірдік. Отбасы ретінде байқауларға қатысып тұрамыз. Мамыр айы кезінде “Ана үйінің” 10 жылдығында болдық. Одан кейін маусым айында Алматы қаласына барып, ол жақта да “Ана үйінің” 10 жылдық мерейтойына қатыстық.

Шара барысында байқауға қатысқан жанұялар 6 номинация бойынша марапатталды.

АСҚАР ХАБИБУЛЛИН, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Облыстық байқау жылдың басында басталды. Номинация бойынша және орын алғандар марапатталып жатыр. Республика бойынша байқауға 15 мың жанұя қатысқан. Жанұялар видео, фотоларын жіберді. Сондай-ақ, отбасының тарихын және қандай сайыстарға қатысқандығын да айтады.

2-ші орынды қызылжарлық Бекболатовтар отбасы, 1-ші орынды Уәлиханов ауданынан келген Ескеновтер отбасы жеңіп алды. Ендігі кезекте Ескеновтер әулеті өңір намысын республикалық деңгейде қорғайды.

 

Гульден Симбаева