Адамдардың жүзі, табиғат ғажаптары және өмірдің жарқын сәттері. Мұның бәрі солтүстікқазақстандық фотограф Талғат Тәнібаевтың назарынан тыс қалған емес. Қас қағым сәтті таспаға басып, тарихта қалдырып жүрген азамат 18 жылдан бері облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінде фототілші болып қызмет етеді. Ол бүгін мұрағатындағы мыңдаған суреттің бірқатарын шығарды. “Туған жер-тұғырың, туған ел-қыдырың” атты фотокөрме ұйымдастырды.
ТАЛҒАТ ТӘНІБАЕВ, фототілші:
– Суретті түсірген кезде сурет сөйлеуі керек. Оған қарап отырып, не болып жатқандығын түсіну қажет. Суретті жақсы түсіру үшін біріншіден сәтті ұстаған маңызды. Обьект әдемі болғаны жөн.
Амангелді Бекмұратов – Талғат Тәнібаевтың әріптесі. Екеуі 13 жылдан астам уақыт бойы бірге жұмыс істеген. Ол сұлулыққа жаны құмар азамат туралы сыр шертіп, өнеріне тәнті екендігін айтты.
АМАНГЕЛДІ БЕКМҰРАТОВ:
– Талғат – өте сабырлы жігіт. Тиянақты және қарапайым. Газетте архив жинау өте маңызды. Біз компьютерге сенбейміз. Өшіп кетуі мүмкін. Сондықтан, оны біздің “Солтүстік Қазақстан” газетінің қоры десек болады. Білікті фотограф болғаны соншалық керемет сәттерді ұстаған ғой. Мысалы, мынаған қараңызшы. Бүркітші қолына бүркіт ұстап тұр. Құдды бір екі дос сырласып тұрғандай.
Фотокөрмеде барлығы – 30 сурет тұр. Небір кереметтің сыймай қалғаны қаншама. Теріскейдің тұмса табиғатының сұлулығын көрсете білген фотографтың еңбегін таңқалып тамашалады.
– Талғат Тәнібаевтың түсірген суреттері өте әдемі және көркем. Жүрегімді баурап алды деп айтуға болады.
Фотосуреттер өте керемет және сапалы.
Талантты фототілшінің еңбектері бүгінде республикалық, халықаралық басылымдарда жарыққа шығып жүр. Талғат Тәнібаев 2016 жылы Президент әкімшілігі ұйымдастырған сайыста 3-орынды иеленген екен.
Аснурия Абдула