Мамлют ауданындағы Қызыләскер орта мектебі 75-ші жылы салынған. Содан бері 3-ші рет күрделі жөндеу көріп жатыр.
3 қабатты нысанға “Ауыл-ел бесігі” жобасы аясында 150 млн теңге бағытталыпты. Оған жылу жүйесі жаңартылып, дәліз бен кабинеттердің ағаш терезелері ауыстырылады. Мердігер – “Қызыләскер” серіктестігі. Мамырда бастау алған жөндеу жұмыстарына 12 адам жұмылдырылған.
МҰРАТ ТАШМАҒАНБЕТОВ, Мамлют ауданы білім бөлімінің басшысы:
– Мектепте интернатты қоспағанда барлығы – 28 кабинет бар. 1-ші қабатта шағын орталық орналасқан. Ол жерде де күрделі жөндеу жүріп жатыр. Балаларға ыңғайлы болу үшін ішке жуынатын жер мен дәретхана орнатамыз.
Мамлют ауданы бойынша барлығы – 23 мектеп бар. Жөндеу жұмысы осы Қызыләскер орта мектебінде ғана жүріп жатыр.
МҰРАТ ТАШМАҒАНБЕТОВ, Мамлют ауданы білім бөлімінің басшысы:
– Мектепте 130-ға жуық терезе бар. Соның барлығын ауыстырамыз. Сонымен қатар, спорт залдың қопсып тұрған қабырғаларын дұрыстаймыз. Жылу батареялары да жаңартылады. Қазір ескілерін алып тастадық, төбесін әктеп болғаннан кейін орната бастаймыз.
Бұдан бөлек Қызыләскер орта мектебіне “Ауыл мектебін жаңғырту” бағдарламасы бойынша 24 су жаңа парта мен асхана жабдықтары беріліпті. Ал биология пәні кабинетіне 8 млн теңге тұратын интерактивті панель орналастырылмақ.
В.М.Скачков атындағы бұл мектепте барлығы – 90-ға жуық балаға 22 мұғалім сабақ береді. Биыл қатарлары тағы 2 білікті маманмен толықпақ. Айта кеткен жөн, 90 оқушының 14-і – басқа ауылдардан қатынап оқитындар. Олар үшін 2005 жылы білім ұясының 3-ші қабатынан интернат
жабдықталған. Биыл оның едені ауыстырылады. Мектептегі жөндеу жұмысы тамыздың ортасына дейін аяқталуы тиіс.
Жалпы, қазір облыс бойынша 44 мектепте жөндеу жұмысы жүріп жатыр, соның 22-сі – ауылдық. Бұл мақсатқа 4 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.
Акжунис Мухатай