Денсаулық сақтау

“Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша өңірге биыл 190 квота бөлінген

Еліміздегі отбасылардың 20 пайызы арада бала болмауынан ажырасады екен. Осыған байланысты Қазақстанда 2020 жылы “Аңсаған сәби” бағдарламасы іске қосылды. Арнайы бағдарламаның аясында жасанды ұрықтандыруға берілетін квоталар саны 7 есеге өскен. Биыл өңірімізге 190 квота бөлініпті. Осы мүмкіндікті пайдаланушылардың бірі – Ушнаренколар отбасы. Олардың отау құрғандарына 5 жыл болыпты. Ерлі-зайыптылар тексерілу үшін Қызылжар ауданындағы Якорь ауылынан келіп отыр.

АЛИНА ЗЯБЛИКОВА, Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Мен 5 жылдан бері құрсақ көтере алмадым. Аудандағы емханаға жүгіндім. Ондағы мамандар репродуктологтың көмегіне жүгіну қажеттігін айтты. Қазір анализ тапсырып жатырмыз. Сосын квота бөледі және сол бойынша жұмыс істейтін емханаға барамыз. Бізге Астана және Қарағанды қалаларындағы емхананы ұсынды. Біз Қарағандыны таңдадық. Мамандардың айтуынша, ол қалада 3 аптадай боламыз.

ЭКО процедурасына жүгінген нәзікжандылар ең алдымен жіті медициналық тексерістен өтіп, түрлі анализ тапсыруы қажет. Егер тексеріс оң нәтиже берсе жасанды ұрықтандыру процедурасы жүргізіледі. Бұған тек 18 және 42 жас аралығындағы қыз-келіншектер ғана жүгіне алады.

ВИКТОР ПРОЦЕНКО, дәрігер-репродуктолог:

– Біз ең алдымен бедеулік факторын анықтаймыз. Жатыр түтіктерінің өткізгіштігін тексереміз. Гормоналды тексеру жүргізіп, кариотип аламыз. Бұл – әйелдегі болуы мүмкін хромосомалық патологияны көрсететін хромосомалар жиынтығы. Негізінен, бізге 30 бен 37 аралығындағы әйелдер жүгінеді. Өкінішке қарай, мен әлі жаспын деп 15 жыл сәби күтіп жүретіндер өте көп. Мен оларға “уақыт жоғалтпаңыздар” дегім келеді.

Бала болмаса көп жағдайда әйелді кінәлап жатыр. Бірақ, бұл – қате пікір дейді Виктор Проценко. Ортада бала болмаудың себебін әйелден ғана емес, ер адамнан да іздеу керек.

ВИКТОР ПРОЦЕНКО, дәрігер-репродуктолог:

– Негізінен, бедеулікке – әйелдерде жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің дамуында болған ақау, гормондардың жетіспеуі және гормон қызметінің бұзылуы себеп. Ал еркектерде көбіне ұрық жасушаларының белсенділігінің төмендеуі себеп болады. Сондай-ақ, эндокриндік аурулар да бедеулікке шалдықтырады. Дұрыс тамақтанбау, зиянды заттарды қолдану, әрине, мұның бәрі өз кесірін тигізбей қоймайды.

Облысқа биылға бөлінген 190 квотаның 120-сы қолданылыпты.
Былтырғы жылдың нәтижесі бойынша соңғы 6 айда 48 бала дүниеге келген. Оның 7-еуі – егіз.

ТАЛҒАТБЕК ТІЛЕУБЕРДИН, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– 2019 жылға дейін СҚО-ға жылына 20-25 қана квота бөлінетін. Бағдарлама іске қосылғалы облысқа 200 шамасында квота бөлініп келеді. Өткен жылы осындай 217 мүмкіндік беріліп, 103 бала дүниеге келді. Оның 16-сы – егіз. Биылғы квота саны – 190. Өкінішке қарай, осы жолы Ақжар, Есіл, М.Жұмабаев және Тайынша аудандарының тұрғындары ЭКО жасатуға өтінім берген жоқ.

Айта кету керек, мемлекеттік бағдарламаға жүгінген жандарда 1 жыл ішінде нәтиже болмаса, олар келесі жылы да өз бақтарын сынай алады. Жалпы, ЭКО-ның бір рәсімі шамамен 1-1,5 млн теңге тұрады екен. Ал сақтандырылған азаматтар бұл қызметті МӘМС шеңберінде тегін ала алады.

 

Аснурия Абдула