Орталық Азия елдеріндегі барлық инвестицияның 61 пайызы Қазақстанға тиесілі. Өткен жылы бұл көрсеткіш 6,1 млрд долларды құраған. Бұл туралы Елордада өткен брифингіде Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров хабарлады. Ол ішкі статистикаға сүйене отырып, Қазақстанға жыл сайын 20 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылатындығын айтты.
АЛМАС АЙДАРОВ, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елімізге келген тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 млрд-тан асады. Бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Оның алдында тек 2012 жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 28,9 млрд АҚШ долларын құраған болатын. Ағымдағы жылдың 1-тоқсанын алатын болсақ, бұл тоқсанда да көрсеткіш өсіп келеді. Яғни 7,6 млрд инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 10 пайызға көп.
Негізінен, ел бойынша өңдеу өнеркәсібіне тартылатын шетелдік инвестицияның көлемі артқан екен. Бұл ретте өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсім байқалады. Сондай-ақ, сауда саласының үлесі де артып келеді. Мәселен, былтыр осы бағытқа 5 млрд доллар бағытталған. ҚР СІМ инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев инвестиция көп тартылған өңірлерді атап өтті.
АРДАҚ ЗЕБЕШОВ, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:
– Сыртқы істер министрлігі мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы орталық және жергілікті органдармен бірге Қазақстанда іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобаларды қалыптастырған болатын. Ол 878 жобадан құрылған 30 трлн теңгені көздейді. Бұл тізімге 500 млн теңгеден астам келетін инвестициялардың жобалары енгізілген. Олар шикізаттық емес сектордан таңдалған және осы инвестиция салынған жобаларға өңірлер арасында көлемі бойынша көшбасшылар қатарына – Ақтөбе, Атырау, Астана қалалары кіреді. Ал жобалардың саны бойынша Елорда, Ақмола облысы және Шымкент қаласы алдыңғы қатарда.
Ардақ Зебешев алдағы уақытта орындалуы керек жоспарларды да жіпке тізді.
АРДАҚ ЗЕБЕШОВ, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:
– Президентіміздің тапсырмалары шеңберінде интерактивті инвестициялық картаны, инвестицияларды тарту кезеңінен іске асыру кезеңіне дейінгі өтпелі кезеңдегі процесті басқару жүйесін енгізуді көздейтін бірыңғай инвенстициялық платформа құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстың 1-кезеңі осы жылдың соңына дейін іске асырылады. Ал ендігі жылдың ортасына дейін екінші кезеңі іске асырылады. Сондай-ақ, мемлекет басшысы кемінде 150 млрд АҚШ долларын 7 жылдың ішінде елге тарту тапсырмасын тапсырған болатын. Сол міндет шеңберінде біз осы жылы 24 млрд долларды елге тартуды көздеп отырмыз. Жыл соңына дейін кемінде 4 инвестиция туралы келісім жасау қажет.
Сонымен қатар, алдағы уақытта шетелдік инвестицияларды игеру арқылы 40 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Аснурия Абдула