Мәдениет

«Sensitive» би театры Испаниядан бас жүлдемен оралды

Әлемнің талай сахнасын тоздырып жүрген «Sensitive» би театры елге оралды. Шетелдіктерді өнерлерімен тамсандырған ұжымды туған-туыстары, достары теміржол вокзалынан қарсы алды.

С.Мұқанов атындағы облыстық сазды-драма театрының «Sensitive» би театры Испанияның Льорет де Мар қаласында өткен халықаралық «SEA SUN FESTIVAL»ға қатысып, гран-при иеленді. Онда 10 елдің ішінен 200-ден астам биші өнер көрсетті.

ДАНИЯЛ ҚАНҒОЖИН, «Sensitive» би театрының мүшесі:

– Өнер көрсетер алдында өте қатты қобалжыдық. Қарсыластарымыз осал болмады. Бірақ, іштей 1-ші орын алатындығымызға сенімді болдым. Мен «Соло» номинациясы бойынша өнер көрсетіп, үздік атандым.

Ұжым 4 номинация бойынша бақ сынастырды. Олар: «Соло», «Дуэт» , «Заманауи хореография» және «Спорттық бал биі». Сыртқы келбет – байқаудағы бағалау критерийлерінің бірі. Бишілердің
жеңіске жетуіне би киімдерінің жоғалуы да кедергі келтірген жоқ.

ОЛЬГА РОСТОВЩИКОВА, «Sensitive» би театрының көркемдік жетекшісі:

– Фестивальде 4 төреші болды. Конкурс басталмас бұрын оларға мән- жайды түсіндіріп бердім. Әрине, түсіністікпен қарады. Солай 1-ші байқауға ақ көйлек пен қара шалбар киіп шықтық. Әуежайда жоғалған шабаданымыз гала-концертке дейін жетті. Сол кезде өзіміздің костюмімізді киіп өнер көрсеттік. Әр елге барып жүрміз, бірақ, мұндай жағдай бізде бірінші рет орын алып отыр.

Испанияда өткен фестивальде ұжым жеке байқауларда да сынға түсті. Нәтижесінде «Соло» номинациясы бойынша Даниял Қанғожин «Спойлер» қойылымымен бірінші орынды жеңіп алды. “Дуэт” номинациясы бойынша Милена Новикова мен Даниял Қанғожин бірінші дәрежелі лауреат атанды.

 

Гульден Симбаева