Қоғам

Петропавлда Ж.Жабаевтың суреті бейнеленген мурал салынды

Жамбыл Жабаев көшесі, 53 мекенжайындағы тұрғын үйдің ажары ашыла түсті. Енді қала қонақтары бұл Жамбыл атындағы көше екенін бірден біле алады. Себебі, мұнда жыр алыбының 20 метрлік суреті бейнеленген мурал салынды. Авторы – ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков. Қылқалам шебері – Петропавл қаласының тумасы. Бүгінде 40 жылдан бері Алматы қаласында тұрып жатыр. Ол бұған дейін Киров зауыты аумағында орналасқан Ислам мәдениеті музейінің жобасын дайындаумен айналысқан. Мурал салу ісін де қала билігі Болат Әсербековке сеніп тапсырыпты.

ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, қала әкімінің орынбасары:

– Ж.Жабаевтың суреті бейнеленген мурал қала әкімдігінің қаражатына салынды. Оның жобасын дайындауды талантты суретші Болат Әсербековке ұсындық. Мурал керамикалық тақтайшалардан құрастырылған. Қаланың кіреберісіне ерекше көрік беріп тұр. Алдағы уақытта М.Жұмабаев көшесінде Мағжанның да бейнесін салу жоспарда бар.

Керамикалық тақтайшалардан түзілген мурал күн сәулесіне де, суға да төзімді екен. Жобаның тыңғылықты орындалғаны соншалық бір жылға жуық уақыт кеткен.

Болат Әсербеков, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

– Муралдың әр бөлшегі, яғни керамикалық тақтайшалар жеке-жеке пеште 830 градуста күйдірілді. Әрқайсысының астына нөмір жазылды. Мурал пазл ретінде сол нөмірлермен теріліп, құрастырылды. Оны Алматы қаласындағы арнайы бригада іске асырды.

Айта кету керек, бұл шебердің алғашқы туындысы емес. 2020 жылы қаладағы үйлердің біріне Абайдың портретін бейнелеген. Ол Қазақстандағы керамикадан жасалған алғашқы мурал болып саналады.

Болат Әсербеков, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

– Қазақ дегенде есімізге әуелі Абай Құнанбайұлы түседі. Сондықтан, менің де алғашқы туындым Абайдың бейнесі болды. Тұрғындарға ұнады. Көптеген жылы лебіздер айтылды. Содан шабыт алып, осы туындымды да жүзеге асырдым. Қазір М.Жұмабаевқа арналған жобам дайын тұр.

Жалпы, “Мурал” сөзі – “қабырғадағы сурет” деген мағынаны білдіреді. Ол ғимарат қабырғаларына жергілікті биліктің рұқсатымен салынатын заманауи көше өнері. Бұл өнердің негізінде халқымыздың ұлы тұлғалары насихатталады әрі мурал қалаға ерекше көрік беріп тұрады.

 

Аснурия Абдула