Келісімшарттық міндеттемелердің орындалуын қалай қамтамасыз етуге болады? Бұл туралы облыс орталығында өткен форумда айтылды. Негізгі тақырып – дауларды сотқа жеткізбей шешу. Бұл ретте елімізде қазіргі уақытта медиация әдісі белсенді түрде қолданылып келеді.
ҚАЙРАТ ТӨЛЕКЕЕВ, халықаралық медиация орталығының құрылтайшысы, Астана қаласы:
– Осы 8 жылдың ішінде еліміз бойынша 420 мың медиация процедурасы өткізілді. Халықаралық нарықта 23 елдің мүшелерімен 2 мыңдай процедура болды. Осы сан бойынша білуге болады медиацияның дамып келе жатқанын. 100 пайыздай дау болса 90 пайызы медиация арқылы шешілу керек.
Халықаралық медиация орталығының құрылтайшысы Қайрат Төлекеев медиция арқылы көп мәселені шешуге болады дейді.
ҚАЙРАТ ТӨЛЕКЕЕВ, халықаралық медиация орталығының құрылтайшысы, Астана қаласы:
– Мемлекет органдары, сотты қатыстырмай-ақ, келісімге келуге болады. Алдағы жоспарымыз – кәсіпкерлер өз-өзін қорғай білсін деп қорғау сайтын ашпақпыз. Сондай-ақ, бизнесті дамыту жайында да айтып жатырмыз. Солтүстік Қазақстан медиация бойынша бірінші орында емес, бірақ алдыңғы қатарда.
Бұл форум облыста алғаш рет өткізіліп отыр. Жиын солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің өтінішімен ұйымдастырылған.
АЛТЫН БЕСЕМБАЕВА, СҚО IMC орталығының директоры:
– Медиация процесі кәсіпкерлер үшін өте пайдалы. Сотқа қарағанда бұл уақытты алмайды, жүйкені тоздырмайды. Ал сотта арыз 10 күн ішінде қаралады. Оған қоса бірнеше күн бойы судья тағайындалады. Процестер 2 айдан 8 айға дейін жүргізіледі. Кейде бизнесмендер жылдар бойы соттасып жатады.
Айта кетейік, 2014 жылы Қазақстанда мың дау-жанжал медиация арқылы шешілсе, өткен жылы татуластыру рәсіміне жүгіну жағдайлары 400 мыңға жеткен.
Гульден Симбаева