ҚоғамСпорт

Әйелдер колониясында спартакиада өтті

Петропавлдағы әйелдер колониясында “Ақбидай” спартакиадасы өтті. 200-ден астам қыз-келіншек жазасын өтеп жатқан бұл мекемеде апта сайын түрлі шаралар өткізіледі екен. Бүгінгі “Ақбидай” спартакиадасы спорттық шаралардың алды болмақ. Сайыстың шымылдығы жергілікті ансамбльдің би қойылымымен ашылды.

Спорттық сайысқа 10 адамнан тұратын 3 команда қатысты. 1-ші командада – ақмолалық қыз-келіншектер, 2-шісінде – қостанайлықтар, ал 3-шісі солтүстікқазақстандық нәзікжандылардан құралған.

Қыз-келіншектер күш сынастырмас бұрын алдымен қазылар алқасына өз өнерлерін көрсетті. Топтағылар мың бұрала би билеп, қолдаушылардың қошеметіне ие болды.

Бұдан кейін қыз-келіншектер білектерін сыбанып, жарысуға кірісті. Қазақ күресі, арқан тартыс және қол күрестіру. Бірінші аталған жарыс бойынша қостанайлық келіншек ешкімге дес бермеді. Әр топтан шыққан қарсыласын оп-оңай құлатты.

Қалған 2 сайыс – арқан тарту мен қол күрестен ешкімге дес бермеген Ақмола облысының нәзікжандылары болды. Алға суырылып шығып, жеңісті қанжығаларына байлады. Олеся Сотникова – осы топтың мүшесі. Келіншек жеңіске жеткендеріне қуанышты. Айтуынша, тобындағы қыздардың барлығы спортқа жақын, ширақ. Осындай іс-шаралардың көптігі уақыт өткізуге пайдасын тигізеді дейді.

ОЛЕСЯ СОТНИКОВА, жазасын өтеуші:

– Біз бұл жарысқа жарты ай уақыт шамасында дайындалдық. Ең алдымен ән мен би таңдадық. Қатысам деушілердің саны көп болды. Шамаларына қарай іріктеп алдық. Мен үшін күресу сәл қиынға түсті. Қалғандары айтарлықтай қиын емес. Қарсыластарымызды осал деп айта алмаймын.

Назгүл Құсайынова – солтүстікқазақстандық команданың мүшесі. Жеңілгендеріне еш өкінбейді. Қайта осындай сайыстардың жиі өтетініне разы.

НАЗГҮЛ ҚҰСАЙЫНОВА, жазасын өтеуші:

– Біз бұл сайысқа барынша дайындалдық. Топтың аты мен ұрандарын да естен шығармадық. Осындай іс-шара үшін әкімшілікке рахмет айтамын. Олар бізге дайындалуға уақыт берді.

Спорттық жарыс пен эстафеталар тамыз айының соңына дейін жалғасын таппақ. Барлық көрсеткіштер есептеліп, соңында мықты команда анықталады.

 

Акжунис Мухатай