«Явленское МТС» – суармалы егіншілікпен айналысатын өңірдегі іргелі серіктестіктердің бірі. Былтыр агроқұрылым 380 гектарды құрайтын алқапқа арпа егіп, онын 310-ын суарыпты. Төккен тер далаға кетпеді. Күзде диқандар әр гектардан 50 центер өнім алған. Бұл әдеттегі көрсеткіштен 2,5 есеге көп екенін қоса кету қажет.
АНДРЕЙ НЕДОРОДА, «Явленское МТС» ЖШС бас агрономы, Есіл ауданы:
– Қазір бір орында тұруға болмайды. Үнемі даму жайлы ойлау керек. Биыл екінші алқапты суару жұмысын қолға алдық. 150 гектарға күнбағыс тұқымын сепкенбіз, соның 110 гектарын суарамыз. Күзде қамбамыз сапалы өнімге толуы тиіс. Алдағы бірер жылда көкөніс егіп, суарғымыз келеді. Ол үшін алдымен қойма салу қажет.
Тұлпардың тұяғы тозатын аумақты қолмен суару мүмкін емес. Мұнда барлық шаруаны шетелдерден сатып алынған 6 бірдей заманауи қондырғы тындырады. Олардың әрқайсысының ұзындығы 500 және 460 метрді құрайды. Тіршілік көзі жеткілікті. Былтыр серіктестік өкілдері станция тұрғызып, ауыл іргесіндегі көлге құбыр тартыпты.
АНДРЕЙ НЕДОРОДА, «Явленское МТС» ЖШС бас агрономы, Есіл ауданы:
– Сорғы станциясында 2 адам кезектесіп жұмыс істейді. Яғни, бүгін алқаптарды 1-ақ маман суарады. Оның міндеті айтарлықтай қиын емес. Танаптарда 2 шетелдік компанияның қондырғылары жүр. Бірі – 18, ал екіншісі 24 сағат су бүркеді. Жерге 5-6 мм ылғал керек. Ақылды заман игілігі одан артық тіршілік көзін сіңірмейді.
Бір қызығы, жүздеген метрлік бүріккіш кішкентай ғана телефон арқылы басқарылады. Арнайы қосымша бас агрономның байланыс құралында бар. Мұнда қондырғының қайда бағыт алғанын, қанша су шашқанын, жұмыстың қашан аяқталатынын оп-оңай көруге болады. Диқандар ат шаптырым алқаптың уақыт өте алақандай ғана болып қаларын бұрын үш ұйықтасақ түсімізге кірмес еді деп отыр.
АНДРЕЙ НЕДОРОДА, «Явленское МТС» ЖШС бас агрономы, Есіл ауданы:
– Алқаптағы қондырғылар жерге судың керегін немесе керек еместігін де көрсетеді. Бұл – бәрімізді таң қалдырған жаңалық. Мысалы, бүгін күнбағыс алқабы тіршілік көзін қажет етті. Маман станцияға барып, арнайы түймені басты. Су бүрку жұмысы бірер сағатта аяқталады.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бүгін бидай суарылмайды. Жаңа агроном телефонын ашып, танаптағы жағдаймен танысты. Заман игілігі бірден алқаптағы ылғалдың мөлшері жеткілікті екенін көрсетті. Мұндайда менің артымда тұрған 500 метрлік құрылғы іске қосылмайды.
Қазір Есіл ауданындағы Спасова ауылында орналасқан «Явленское МТС» серіктестігінде 60 адам жұмыс істейді. Ал агроқұрылымға тиесілі жалпы жердің көлемі 11 жарым мың гектарға жуықтайды. Сөз соңында бейінді басқарма ұсынған дерекпен бөлісейік, бүгінгі таңда өңірде суармалы егіншілікпен 30 серіктестік айналысады. 4,7 мың гектар суарылады. Былтыр бұл көрсеткіш 2,7 мың гектарды құрапты.
Байболат Култанов