Балалар

Түнгі қаладағы балалар

“Түнгі қаладағы балалар”. Шілде айының 17-сі күні елімізде осындай атаумен жедел-профилактикалық іс-шара бастау алды. Негізгі мақсат – кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу. Оған өңірде 400-ден астам арнайы маман жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары түнгі уақытта ұл-қыздар баруы мүмкін ойын-сауық орындарын аралауда.

– Неоднократно доводят о недопущении нахождения вне жилища после 23:00 часов. Это нарушение законодательства РК; статья 442 КРКоАП. В данном случае, получается, вы, как законный представитель – допустили. 

Жедел іс-шара өз нәтижесін берді. Түнгі 11-ден кейін Петропавлдың мәдениет және демалыс саябағына кіреберіс тұста жастардың шағын тобы тоқтатылды. Тексеріс кезінде олардың жасы 18-ге толмағаны белгілі болды. Оқиға орнына олардың ата-аналары шақырылып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, Қазақстан Конституциясы мен Назарбаев көшелерінің қилысында кәмелетке толмаған 2 қыз анықталды. Жалпы, рейдтің бір түнінде шаһарда 7 құқық бұзушылық тіркелген екен.

БӨГЕНБАЙ АЙТЖАН, қалалық ПБ ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторы:

– Алғашқы күнде 6 әкімшілік хаттама толтырылды. 442-бап бойынша 5 хаттама жазылды және 1 ұсақ бұзушылық анықталды. Жасөспірімдер заңды өкілдеріне тапсырылды.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде 360-тан астам рейд өткен. Нәтижесінде 1600-ден астам кәмелетке толмаған бала әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 522 ата-анаға айыппұл салынған. Сонымен қатар, мамандандырылған ауданаралық сотқа ата-ана құқығынан айыру бойынша 72 материал жіберілген. Оның 36-сы қанағаттандырылыпты. Бүгінгі таңда полиция органдарында 32 жасөспірім және өз міндетін дұрыс атқармаған 170 ата-ана есепте тұр. Облыста түнгі рейд жаздың соңына дейін жалғасады.

 

Аснурия Абдула