Есіл ауданындағы «Явленское МТС» серіктестігінің жұмысшылары жылда шіліңгір шілденің ортасында шабындыққа шалғы салады. Қажеттілік – 400 тонна. Оның барлығы агроқұрылым мамандарына, ауыл тұрғындарына арзан бағамен сатылады. Бүгінгі күнге дейін жалпы жоспардың 20 пайызы орындалыпты. Мал азығының шығымы көңіл қуантады.
АЙТҚАБЫЛ ҚҰСАЙЫНОВ, «Явленское МТС» ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:
– Шөптің шығымы жақсы. Жаңбыр кішкене кештеу жауды. Сонда да шөпке көңіл толады.
Мал азығының сапасына да көңіл толады. Арнайы егілген жоңышқа мен бидай шөбі буыны қатқан, бойындағы дәрумендері жойылмаған күйінде атжалға түсіріліпті.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Шаруашылық өкілдері шөпті уақытында шауып жатырмыз деп отыр. Оған өзіміздің де көзіміз жетті. Мына атжалдың беті сарғайғанымен, асты жап-жасыл екен. Мұндайды мал сүйсініп жейтіні айдан анық.
«Явленское МТС» серіктестігінде жақын маңдағы ауылдардың да жұмысшылары еңбек етеді. Айтқабыл Құсайынов – Тауағаштың тұрғыны. Қыстың қамын ерте ойлайтын азамат жалақысына кіріктіріп бірнеше тіркеме шөп алмақ.
АЙТҚАБЫЛ ҚҰСАЙЫНОВ, «Явленское МТС» ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:
– Ауылда тұрғасын мал ұстау керек. Өзім 4 тіркеме аламын. Жетпей қалса тағы сұрап аламыз.
Шабындық алқабында білек сыбанған жастар да жүр. Олардың жұмысына үлкендердің көңілі толады.
АЙТҚАБЫЛ ҚҰСАЙЫНОВ, «Явленское МТС» ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:
– Жастардың бәрі жақсы. Бәрі жұмыс істеп жатыр. Мына 2 бала тіркеменің үстінде жүреді. Біраздан соң ауысады.
«Явленское МТС» серіктестігі орналасқан Спасовка ауылдық округіне 3 ауыл қарайды. Жалпы тұрғын саны 400-ге жуықтайды. Халықтың дені мал ұстап, күн көріп отыр.
ДАНИЯР ҚОЗЫБАЕВ, Спасовка ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы, Есіл ауданы:
– Бұдан бөлек, “Жанғали” деген серіктестік бар. Қос агроқұрылым басшылығы жұмысшыларын, ауыл тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз етеді. 1 орама шөп 3 пен 6 мың теңгенің аралағында тұрады. Біз бағаны үнемі қадағалап отырамыз. Зейнеткерлерге жеңілдіктер жасалады.
Ал өңірдегі шабындық жұмысын ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы жіті бақылайды. Мамандар күн сайын жағдаймен танысады, ақпарат алмасады.
ӘСЕМ АЙТОЛЛА, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы:
– Қазіргі таңда облыс бойынша 70 мың тоннна шөп және 18 мың тонна пішен дайындалды. Биыл облыс бойынша қажеттілік 940 мың тоннаны құрайды.
Байболат Култанов