СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте азық-түлік бағасы мен өңірдің дамуы талқыланды

Аққайыңдар өлкесі жарты жылдың ішінде қандай жетістікке жетті? Бұл сұраққа облыстық әкімдік қабырғасында жауап табылды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов баяндады. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы саласында өсім де, түсім де бар.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, облыстық экономика басқармасының басшысы:

Сүт өндірісі 3,8% артты. Ал жұмыртқаға қатысты көрсеткіш 4,7% түсті. Түсім Қызылжар және Тайынша аудандарында тіркелді.

Жұмыртқа өндірісінде мұндай түсім тіпті құс тұмауы кезінде де тіркелмепті. Аудан әкімдері аймақ басшысына жағдайды түсіндірді. Олардың айтуынша, қазір фабрикаларда буын алмасу процесі жүріп жатыр.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Біз кәрі тауықтарды жас қанаттыларға ауыстырдық. Бүгінгі күнге дейін 4 фабрика 554 мың тұмсықты сатып алды. 9 айдың қорытындысы бойынша көрсеткішті теңестіруге тиістіміз.

Тайынша ауданының әкімі де дәл осылай жауап берді. Инвестиция тарту бағытында да төмендеу байқалады. Облысқа 156 млрд теңге қаржы құйылыпты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көлемнен шамамен 2 пайызға төмен.

ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Өңдеу өнеркәсібіне құйылған инвестицияның үлесі аудандарда небәрі 5 пайызды құрайды. Сіз әр ауданда 1 инвестициялық жобадан жүзеге асыру бойынша тапсырма бердіңіз. Өкінішке қарай, белсенділік төмен. Ал облыста республикалық бастамалар аясында жұмыс сәтті жүргізіліп жатыр. Қазір жалпы құны 59 млрд теңгені құрайтын 15 жоба бар.

Көш соңында қалған аудан әкімдері жыл соңына дейін жоспар орындалады деп сендірді. Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмысты жандандыру жайлы айта келе, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Экономика басқармасына жауапты басқармалармен, аудан басшыларымен және Петропавл қаласының әкімімен бірлесе отырып, 7 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде өсімді қамтамасыз етуді, сонымен қатар, 9 айдың ішінде жеткен жетістіктерге жан-жақты талдау жасауды тапсырамын. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік басқармалары мен аудан әкімдері инвестиция тарту жоспарын орындауы тиіс. Ал құрылыс басқармасы шаһар басшысымен бірлесіп, тұрғын үйлерді пайдалануға беруді қамтамасыз етуі керек.

Әкімдік қабырғасында әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы мәселесі де талқыланды. Дархан Әмриннің айтуынша, облысымыз – елдегі тауар құны ең төмен өңірлердің бірі. Сөйте тұра инфляция 6 пайыздан асып кеткен. Бұл республикадағы орташа деңгейден жоғары. Жүргізіліп жатқан жұмыстардан нәтиже жоқ екенін облыс әкімі баса айтты және дәлел ретінде бірқатар нақты мысал келтірді. Аграрлы аймақта бидай арзандағанына қарамастан Айыртау ауданындағы кейбір дүкендерде 1-ші сұрыпты ұн 540 теңге тұрса, іргедегі Новоишимкада 585-тен сатылады. Айдарбек Сапаров аудан басшылары бағаны білмейтіндігін алға тартты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аудан орталықтарындағы 60-қа жуық дүкен тексерілді. Сіздер бақылауға тиіс сауда нүктелерінде баға көтерілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны апта сайын тексерілуі тиіс. Делдалдық схемаларды тексеру үшін әр жұмада комиссия жүргізілсін. Аудандарда тұрақтандыру қорының өнімдерін сатып алу бойынша анықтау, шаралар қабылдау және ұйымдастыру жұмысы қолға алынсын.

Аудандардың кейбірі әлі күнге дейін тұрақтандыру қорымен жұмысты оң жолға қоймаған. Мысалы, қазір ақжарлықтар күріштің бір келісін 600 теңгеден сатып алып отыр. Егер қормен келісім жасалса, тауар 2 есеге арзан болады екен. Бөлісе кетейік, бүгінде қоймаларда 90 тоннадай күріш бар. Жиында макаронның бірі түрі – рожкИ жайлы да айтылды. Оны қорға Есіл ауданындағы “Егін” серіктестігі өткізеді. Бір қызығы, аталған ауданда өнім түрі тұрақтандыру қорындағы бағадан 160 теңгеге қымбатқа сатылады.

 

Байболат Култанов