Қоғам

Жол сапасы – бақылауда

«AMANAT» партиясының өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары қаладағы жол жөндеу жұмысының барысымен танысты. Олар Жұмысшы кентіндегі және 19-шы шағын аудандағы учаскелерге барды. Осы орайда Украин көшесі тұрғындарының наразылығы бар көрінеді. “Тротуарлар уақытылы жөнделмейді және бұрылыстар ыңғайсыз”,-дейді азаматтар. Бұл көлік апатының туындауына себепші болуы мүмкін. Мердігердің айтуынша ең алдымен негізгі төсем төселеді. Содан кейін ғана қиылыстар мен кіреберістер жөнделеді екен. Космодемьянская көшесінде қазір тротуарлар салынып жатыр. Жұмыс барысынан кемшіліктер табылды. Бір жерінде жиектасы қисық болса, бір жерінде люк зақымдалған. Побелянский көшесінде жиектастар орнатылыпты, енді асфальті төселеді. Қизатов көшесіндегі жұмыс бітуге жақын. Жуков көшесінде де бәрі ойдағыдай. Жалпы, жол жөндеуге жауапты мердігерлерде ешқандай еркінсу жоқ. Барлығы – қатаң қадағалануда. Уақыт бойынша үлгеріп жатыр. Тексеріс барысында жол сапасыз деп танылса, мердігер оны өз қалтасынан қайта түзейді.

 

Аснурия Абдула