Мәдениет

Айжан Колчина Парижде өткен сән апталығында өз коллекциясын ұсынды

Петропавлдық дизайнер Айжан Колчина сән астанасы Парижде талайды тәнті етті. Сәнсүйер жерлесіміз шілденің 4-сі мен 6-сы Италияда өткен апталықта өз коллекциясын ұсынды. Іскер ханым 10-нан астам кеш көйлегін 2 ай ішінде тігіп шыққан. Өз топтамасын “Феникс” деп атаған екен. Подиумдағы сән көрсету салтанаты ерекше мағынаға ие болыпты.

АЙЖАН КОЛЧИНА, киім дизайнері:

– Менің бұл коллекциям өзімшілдікке толы. Тіршіліктің түрлі кезеңдері сипатталады. Коллекциямды “Феникс” деп атадым. Ең алдымен, ақ көйлек киген қыз шығады. Ақ көйлек – өмірдің басталуы, пәктіктің, адалдық және аңғалдықтың белгісі. Одан соң біртіндеп киімдердің түсі қанық бола бастайды. Соңыңа қарай қара түсті көйлек көрсетілді. Бұл – аздаған қиыншылықтың белгісі. Яғни, құстың жұмыртқаны жарып, өмірге келуі. Ең соңында бар жанарды жаулаған қызыл көйлек ортаға шықты. Қайсарлы, қуатқа, энергияға толы “Феникс” құсы дүниеге келді.

Міне, тап сол көзді қыздырған қызыл көйлек. 2 бөліктен тұрады. Үстіңгі жағы әсем тастармен сәнделген, ал белдемшесі ұзын және кең. Айжан Колчина бұл ғажап туындының дүниеге келуі туралы сыр шертті.

Сән үлгілерін пішкеннен бұрын керекті материалды табудың өзі қиын. “Тіптен, бір моншақ үшін қала асуға тура келеді”,- дейді Айжан Колчина. Негізінен, жабдықтардың көпшілігін Астана, Қарағанды және көршілес Ресейдің қалаларынан алдыртады екен.

АЙЖАН КОЛЧИНА, киім дизайнері:

– Мен көйлек тікпестен бұрын сол көйлекті өзімнің киіп тұрған сәтімді елестетемін. Көзімді жұмып қиял әлеміне батамын. Оны киген кезде еркіндік, жайлылықты сезінуіміз керек. Ең бастысы, сенімділік болуы қажет. Жалпы, мен 3 жасымнан бастап қолыма ине ұстадым. Қуыршақтарды киіндіріп, құлпыртқан ұнайтын еді және бала кезгі арманым – Парижге бару. Сүйікті кәсібімнің арқасында шетелге шықтым. Бір оқпен 2 қоян аттым деуге болады.

Жалпы, “Оrientel Fashion Show” сән апталығына әлемнің түкпір-түкпірінен келген 10-нан астам дизайнер қатысқан. Оның көпшілігі Шығыс елдеріндегі сән саласының мамандары екен.

 

Аснурия Абдула