Күн сайын оң өзгеріс. Облыс орталығында көшелер жөнделіп жатыр. Жалпы, биыл қалада жалпы ұзындығы 36 шақырымға жуықтайтын жол қалыпқа келтіреледі. Яғни, бұл – 20-дан астам көше деген сөз. Әзірге, 11 шақырымды құрайтын бірнеше көше жаңартылыпты.
ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, қала әкімінің орынбасары:
– Биыл қала көшелерін жөндеуге 6,2 млрд теңге бөлінді. Құрылыс, қайта қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазір 12 көшеге орташа жөндеу жүргізілу үстінде. Горький, Жабаев және Қизатов көшесіндегі жөндеу жұмыстары бітті. Бүгін оларға тексеріс жүргізетін боламыз. Сондай-ақ, мұнымен қатар Жуков көшесіне тротуар салынды. Қазір қалада көліктер көбейіп жатыр. Ал біздің жолдардың сапасы оған толық дайын емес. Сондықтан, сондай көшелерге қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Көше жөнделуін жөнделеді. Оның қанша жылға шыдас беретіні сапасына тікелей байланысты. Жолдың қалай жөнделгенін, талапқа сай келе ме, жоқ па – онысын “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” жергілікті филиалының қызметкерлері тексереді. Мамандар қазір жуырда ғана жөнделіп біткен Жамбыл Жабаев көшесінен сынама алып жатыр.
Байқағандарыңыздай, қуатты қондырғы тастай қатты асфальтті ойып алды. Қалыңдығы 7 см-ге жуықтайды. Бұл талапқа сай дейді мамандар. Сынама әлі тереңінен зертханада тексеріледі. Нәтижесі 1 апта ішінде белгілі болады. Олқылық анықталса, мердігерлер өз қаражатына қайта жөндейді.
АРМАН ТҰРАСИМОВ, “Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы” РМК СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:
– Сынама алынған жердегі ойыққа бетон құямыз. Біз бұған дейін Бөкетов, Абай, Қизатов көшелерін осылай тексердік. Барлығы талапқа сай болды. Екі көрсеткіш бойынша тексереміз. Олар: суға төзімділігі және тығыздылығы. Суға төзімділігі 4 жарым пайызды құрауы керек, ал тығыздығы 0,99 болуы қажет.
Бір мезетте бірнеше жолдың жөнделуіне байланысты бірқатар бағыттар уақытша жабылған болатын. Қоғамдық көліктер айналма жол арқылы қатынады. Дегенмен, тұрғындар бұл қолайсыздыққа түсіністікпен қарап отыр.
Қайырболат Бұрбасов, қала тұрғыны:
– Кішкене қиыншылықтар болады. Шыдау керек қой. Бұрын 1 көшені қопарып тастап, 1 жылдай салатын. Ал қазір Бөкетов көшесінен Жұмысшы кентіне дейінгі жолды 3-4 күнде салып шықты.
Мамандардың айтуынша, асфальт бұған дейін үсті-үстіне құйыла берген. Содан көше беті биіктеп кетіпті. Сол себепті, биыл жолдың үстіңгі қабаты толығымен қырылып жатыр. Алынған қалдық ой-шұңқырларды бітеуде пайдаға жаратылады. Шаһар халқы ауқымды жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына ризашылығын білдіруде.
– Жолдың жөнделіп жатқаны қуантады. Әрине, теп-тегіс жолмен жүрген бәріне де ұнайды.
– Кеше қала ішімен жүріп өтті. Бұрындары ой-шойқы, көлікпен селкілдеп өтетінсің. Қазір бәрі теп-тегіс, әжәптәуір өзгеріс бар.
– Қаламыз дамып жатыр. Оң өзгеріс көз қуантады.
Аснурия Абдула