Заманауи хореография шеберханасы” би ансамблі қоржындарын бас жүлдемен толтыруда. Еңбектен еш жалықпайтын өнер ұжымы кезекті жеңіс тұғырынан көрінді. Өнерпаздар 6-шы шілде күні Алматы қаласында өткен халықаралық “Dance.kz” атты байқаудан 4 гран-при иеленді. Осыдан кейін сахна саңлақтары “Биле Қазақстан” атты конкурсқа қатысқан. Мұнда 6 бірдей бас жүлде бұйырыпты.
Өнерпаздар Алматыға 2 ай көлемінде демалыссыз дайындалыпты. Төккен тер нәтиже берді. “Заманауи хореография шеберханасы” би ансамбліне 4 жастан бастап қосылуға болады. Лия Чернышеваның бұл ұжымның мүшесі атанғанына 9 жылдан асқан. 17 жастағы бұрымды келесі жылы Түмен қаласына оқуға түсіп, сүйікті ісін әрмен қарай меңгермек.
ЛИЯ ЧЕРНЫШЕВА, “Заманауи хореография шеберханасы” би ансамблінің бишісі:
– Бұл конкурсқа барымызды салдық. 2 ай бойы күніне 4 сағаттан дайындалдық. Жыладық та, қуандық та. Алматыда өзге
бишілермен таныстық, жаңа достар таптық. Жетістігімізге өте қуаныштымыз.
Жалпы, конкурсқа 29 биші қатысқан. Ансамбль Алатау бөктеріне 13 түрлі би қойылымын апарыпты. Ұжымның осы уақытқа дейін алған жүлделерінде есеп жоқ. Арнайы бөлме мақтау қағаздары мен кубоктарға лық толы.
МАРИНА СУХАРЕВА, “Заманауи хореография шеберханасы” би ансамблінің жетекшісі:
– Біздің ұжым өте еңбекқор. Әрқайсысының алға қойған мақсаты бар. Дайындыққа келгені құр отырмайды. Тынымсыз еңбектің арқасында қазіргі күні биіктен көрініп жүрміз. Көрермендер мен жанкүйерлерді әрі қарай да қуантатын боламыз.
“Заманауи хореография шеберханасы” би ұжымының құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Ансамбль 2 ай бұрын мерейтойларына орай қорытынды концерт берген болатын.
Акжунис Мухатай