Петропавлда көпқабатты үйлердің ауласындағы қоқыс жәшіктері 5-ші күн жиналмай тұр. Аптап ыстықта ыбырсыған қоқыс үйіле-үйіле үйдей аралға айналып бара жатыр. Одан шығатын иіс бір бөлек. Қоқыс қаладан неге уақытында шығарылмай жатыр? Бұл мәселе мұнымен бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Қала әкімі Серік Мұхамедиев осы жөнінде қоқыс шығарушы компания өкілдерімен кездесу өткізіпті.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Петропавлда 4 кәсіпорын бар. Олар: “Чистый Петропавловск”, “Коммунхоз”, “Коммунсевер” және “МюльСервис”. Соңғысына қатысты тұрғындар тарапынан көп сын айтылуда. Айтылғанның бәрі орынды. Серіктестік қаланың орталығында орналасқан көпқабатты үйлерге қызмет көрсетеді. Алайда, жұмысының сапасы нашар.
“МюльСервис”-тің 2 бірдей техникасы істен шыққан. Қала әкімі кәсіпорын басшылығына олқылықты жою үшін 2 күн уақыт берді. Мәселе бақылауда болады. Қоқыс шығарушы компаниялардың техникасы ескі болғандықтан жиі істен шығады. “МюльСервис” қазіргі уақытта өзге кәсіпорындардың техникасымен жұмыс істеуде.
ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
– Бүгінде «МюльСервис» компаниясы басқа кәсіпорындардан техниканы жалға алып жұмысқа кірісіп жатыр. Екі күннің ішінде қоқысты шығарып ретке келтіретін болады. Өздеріңіз білетіндей, қоқысты шығару бойынша мамырдың 16-сынан бастап жаңа тариф енгізілді. 6 жыл бойы қоқысқа тариф көтерілмегендіктен компанияларда бірқатар проблема бар. Әсіресе, қаржы жағынан. Қала тұрғындары 4 компанияға 23 жарым млн теңге берешек.
Қалалық әкімдік қоқыс төгетін екі техника сатып алуға конкурс жариялады. Тиісті процедура өткеннен кейін қос техника компанияларға қосымша күш ретінде уақытша пайдалануға беріледі.
Гульден Симбаева