Спорт

Аққайың ауданында “Ақбидай-2023” спартакиадасы бастау алды

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар. Аққайың ауданында «Ақбидай-2023» спартакиадасы бастау алды. Мұнда сайдың тасындай іріктелген мыңнан астам спортшы спорттың 15 түрінен бақ сынайды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов спортшыларға сәттілік тіледі.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Сіздерді өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында отандық спортқа барлық жағдай жасалуы тиіс деп атап өтті. Президент қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін күш-жігер, табандылық, ерлік қажет. Спортта көптеген жетістіктерге жеткен жерлестеріміз бар.

Аққайыңдықтардың жарысқа жақсы дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Алаңда ине шаншар жер жоқ.

Ортамен спорт саласының дамуына айрықша үлес қосқан ардагерлер жүріп өтті. Спортшылардың арасында тек өңірдің ғана емес, түгел ел мақтанышы атанғандары аз емес.

Келесі болып аудан намысын қорғап жүрген спортшылар шықты. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелеховтың айтуынша, спортқа кәсіби түрде де, әуесқой ретінде де ден қоятындардың саны жылдан-жылға артып келеді.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Дүбірлі дода 3 күн бойы өтеді. Спортшылар волейбол, баскетбол, гір көтеру, жеңіл атлетика, бокс, күрес сияқты спорт түрлерінен жарысады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық қарастырылған. 1-ші орынға 300 мың теңге, 2-ші орын иеленген командаға 200 мың теңге, ал үштікті тұйықтаған құрамаға 100 мың теңге беріледі.

Міне, ашылу салтанатының тағы бір ерекше сәті. Ортаға 27-ші “Ақбидай” ойындарының жалауы желбіретіп шығарылды. Облыстық спорт ойындарының алауын жағу құрметі ҚР спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Азат Назаровқа берілді.

Одан әрі тұрғындар концерттік бағдарлама мен жас спортшылардың өнерлерін тамашалады. Спартакиада жеңімпаздары шілденің 15-сі күні марапатталады.

 

Гульден Симбаева