Елімізде Президент пәрменіне сай шетелдік көліктерді қазақстандық есепке қою жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінгі күнге дейін қаңтардың 23-і мен маусымның 30-ы аралығында өтінім берген тұлғалардың 206 мыңға жуық темір тұлпары заңдастырылған. Мүліктің басым көпшілігі Кеден одағының құрамындағы 3 елге тиесілі. Олар: Ресей, Армения және Қырғызстан. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанға солтүстіктегі көршіден өткен жылдың қыркүйегіне дейін 136 мыңнан астам автомобиль кіргізіліпті.
ҚАЙСАР СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
– Облыстар бойынша автокөліктердің ең көп саны тіркелген: Алматы қаласында – 21 115 бірлік. Ақтөбе облысында – 20 876 бірлік, Шымкентте – 15 145, БҚО-да – 14 204, Атырауда – 14 197, Қызылорда облысында – 13 695.
Қазақстанда “уақытша есепке қою” деген ұғым пайда болады. Елімізге кіргізілгенкейбір көліктер түрлі себептерге байланысты шетелдерде тіркеуден шықпапты. Осыны ескеріп мемлекет темір тұлпар иелеріне 5 жылға отандық нөмір мен құжат рәсімдейді. Науқан шілденің 17-сі бастау алады.
ҚАЙСАР СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
– Тұлға мұндай көлікті басқа біреуге сата алмайды және сол көлікпен ҚР аумағынан шыға алмайды. Егер 5 жыл ішінде шетелдік тіркеуден шығарып, қазақстандық тіркеуге қойса, 200 мың теңге көлемінде ақша төлейді.
Қайсар Сұлтанбаев шетелдік көліктерді қазақстандық есепке қою барысында қылмыстық фактілердің ашылғанын да мәлім етті. Еліміздің бірнеше өңірінде полицейлер, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері оңай ақша үшін заңның ала жібін аттаған. Қазір олардың іс-әрекеттері тексеріліп жатыр.
Байболат Култанов