Петропавлдағы 2-ЖЭО-ның жаңа мұржасының құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Бүгінде 3 секциясын бетондау жұмыстары аяқталды. Әр секцияның биіктігі 2 метрді құрайды. Мұржаның түбі жуан да, өсе келе жіңішкере түседі. Құрылыс сырғылмалы қалыптау әдісімен жүріп жатыр. Үздіксіз процестің нәтижесінде мұржа күн сайын 2 метрге көтеріліп келеді. Барлығы – биіктігі 180 метр болады екен. Құрылыс жұмыстары биыл шамамен қыркүйек айының соңына дейін жүргізіледі. Күн суытқан кезде айналасына қажет температураны сақтап тұратын арнайы жабдық орнатылады. Негізі, №1 мұржа келесі жылы іске қосылуы тиіс. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда станцияның технологиялық және экологиялық көрсеткіштерін біршама жақсартуға ықпал етпек.