Қоғам

Жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Екі қолға бір күрек іздегендер “Qyzyljar art” орталығына жиналуда. Бұл жерде жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп жатыр. 10-нан астам жергілікті ұйым өкілі қатарларына еңбекқор, білімді қыз-жігіттерді қосқысы келеді. Солардың бірі – супермаркеттер желісінің персонал бойынша менеджері Любовь Максимова.

ЛЮБОВЬ МАКСИМОВА, супермаркеттер желісінің персонал бойынша менеджері:

– Бізге студенттер көп хабарласады. Сабақ пен жұмыс уақыты сәйкес келмегендіктен көбінен бас тарттық. Ал қазір демалыс. Нағыз жұмыс істейтін кезең. Бізде тәулік бойы клиент қабылдайтын дүкендер бар. Сондықтан, түнгі ауысымға шығатын кассир керек. 3 күн жұмыс істеп, 3 күн демалады.

Ерәли Айдархан Петропавл жоғары құрылыс–экономикалық колледжінің 2-ші курсын тәмамдапты. Студент демалысын босқа өткізбей, ақша тапқысы келеді. Болашақта даяшы немесе сатушы ретінде өзін сынап көрмекші.

ЕРӘЛИ АЙДАРХАН, студент:

– Осы жәрмеңкеге жұмыс іздеп келіп отырмын. Мамандығым бойынша емес, жеңіл жұмыс істесем бе деймін. Құр жүргенше ақша тапқым келеді. Бүгінгі жәрмеңкеде таңдау өте көп екен. Екі қолға бір күрек табамын деген ниеттемін.

Шараны ұйымдастырушы – “Amanat” партиясы “Жастар рухы” жастар қанатының жергілікті филиалы.

 

Акжунис Мухатай