Білім

СҚУ-да білім алған үндістандық студенттердің алғашқы легі диплом алды

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да бүгін тарихи сәт. Осында 5 жыл бойы жалпы медицина бойынша білім алған үндістандық студенттер дипломдарын алды.

Университетте медицина факультеті 2018 жылы ашылды. Кафедра бірінші жылы тек Қазақстаннан ғана емес, Үндістаннан да жастар қабылдады. Ал осы жылы барлығы – 78 шетелдік студент түлеп ұшады. Бүгінде олардың қуанышында шек жоқ. Жүздерінен күлкі кетпей, билеп, қуанып, шаттану үстінде.

Йогеш Чоудхари – Петропавлға осыдан 5 жыл бұрын келген жастардың бірі.
Жыл он екі ай ыстықта өмір сүріп үйренген азаматқа теріскейдің қақаған аязы да, ақ ұлпа қары да ерекше әсер қалдырыпты. Оның бойында қазақ еліне деген қимастық сезімі басым.

ЙОГЕШ ЧОУДХАРИ, түлек:

– Мен бүгін қуанып та, толқып та тұрмын. Үндістаннан қысы аязды Петропавлға келген кезде әрине үйрену қиын болды. Бірақ, алғаш кезде қарды көріп, қатты қуанғаным есімде. Тіл жағынан да біраз қиналдым. Тұрғындармен телефондағы онлайн аудармашы арқылы сөйлесіп жүрдім. Наурыз мерекесін тойлаған кездерімді ешқашан ұмытпаймын. Алдағы уақытта Америкаға барып осында алған білімім пен жинаған тәжірибемді дәлелдегім келеді. Болашақта міндетті түрде Қазақстанға тағы бір рет келемін.

Үнді студенттерінің айтуынша Үндістанда медицина бойынша білім алу Қазақстанға қарағанда бірнеше есеге қымбат. Айта кетейік, осы жылы оларға табысталатын дипломның да форматы өзгеше екен.

АҚМАРАЛ ТҰРҒАЛИЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма мүшесі:

– Бүгін диплом табыстау рәсімінің өтіп жатқанына 3-ші күн. Биыл алғаш рет түлектерге 2 диплом беріп жатырмыз. Біреуінің көлемі үлкен болады. Оны естелік ретінде кез келген жерге қоюға болады. Ал екіншісінің көлемі кіші, қарапайым нұсқада жасалған. Жұмысқа тұрарда осыны ұсыну қажет. Бүгін студенттің жоғары білім алғандығын дәлелдейтін құжат барлығы – 165 түлекке табысталады.

Биылғы бітіруші түлектердің жалпы саны 1700-ге жуық. Оның 20 пайызы – қызыл диплом иегерлері.

 

Аснурия Абдула