Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті. Бұл жандар өңір экономикасының дамуына ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосып отыр. Бұған статистика дәлел. Соңғы 5 жыл ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірілген өнім көлемін 2,7 есеге арттырған. Ал салада еңбекпен қамтылғандардың саны 106 мыңды құрайды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біздің облыста бизнес саласы жақсы дамып келе жатыр. Бұл – біріншіден өздеріңіздің үлестеріңіз. Екіншіден, бұл – мемлекет тарапынан бөлінген қаражат, көрсетілген қолдау. Бірақ, шешілмеген проблемалар көп. Соларды бәрімізді бірге қарастырып, шешу керек.
Облыс әкімі саладағы өзекті мәселелерді шешу және кәсіпкерлердің ұсыныс-тілегін тыңдау үшін кездесіп отыр. Басқосу шымылдығы ашылғасын шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне сөз берілді. Андрей Фролов бірнеше бастамамен келіпті. Осыдан бірнеше жыл бұрын Петропавлда “Қымызфест”, “Мөңке күні” және «SKO-рлупино» сынды шаралар сәтті ұйымдастырылды. Олардың бірінде ұлтық сусынымыз насихатталса, екіншісінде балықшылардың бәсекесі көпшілік назарына ұсынылады, ал үшіншісінде үздік жұмыртқа өндіруші анықталады.
АНДРЕЙ ФРОЛОВ, “СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы” ҚБ атқарушы директоры:
– “Қымызфест” фестивалі 2017 және 2018 жылы ұйымдастырылды. Солтүстік Қазақстан – жылқы алғаш қолға үйретілген жер. 6 мың жылдық тарихты одан әрі насихаттау үшін бізге осындай шара керек. Фестивальде ат тізгініндегі жандар жүріп өтеді. Спорттық және ұлттық ойындар, конкурстар ұйымдастырылады. Жәрмеңке болады. Ал “Мөңке күні” сайысына Ресейден де балықшылар келеді.
Облыс әкімі Андрей Фроловтың ұсыныстарын қолдады және жауапты басқарма басшылығына іс-шараларды өткізуге қолдау таныту бойынша тапсырма берді. Ал Евгений Золотарёв ағаш өңдеу өндірісімен айналысады. Ол да бұйымтаймен келіп отыр.
ЕВГЕНИЙ ЗОЛОТАРЁВ, СҚО кәсіпкерлер палатасы салалық кеңесінің төрағасы:
– 2018 жылы уәкілетті орган облысымызда орман пайдалануды жалға берудің ең төменгі мерзімін белгіледі. Соған сәйкес 10 жылдық шартқа отырдық. Ал еліміздің басқа өңірлерінде жалға алу мерзімі 49 жылды құрайды. Біз мерзімнің ұзартылғанын қалаймыз.
Бұл бұйымтай жан-жақты қарауды қажет етеді. Билік кәсіпкерді де қолдауы керек, қоршаған ортаны да ойлауы керек. Яғни, жасыл желектің санын азайтпауы тиіс. Мәселемен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы айналысатын болды. Аймақ басшысы бизнес өкілдеріне әрдайым ашық. Айдарбек Сапаров облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеевке жиі кездесіп, күрмеуі күрделі түйіндерді бірге таратуға дайын екенін айтты. Сөз соңында аз-кем статистикамен бөлісе кетейік. 2021-ші жылдан бері өңірімізде кәсіпкерлердің қатары 4 жарым мыңға артқан. Қазіргі таңда облыста 35 мыңға жуық бизнес өкілі жұмыс істейді.
Байболат Култанов