Қоғам

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров «Жаңажол» шекара бекетінде болды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров және «Республика» партиясының өкілдері «Жаңажол» шекара бекетінде болды.
Олар тауарларды өткізу пунктінің жұмысымен танысты.

Өткізу бекетінің тәуліктік мүмкіндігі 4,5 мың адам мен 2,5 мың көлікті құрайды. Мұнда кем-кетік тұстар баршылық. Оларды Айдарбек Қожаназаров келешекте көтермек ниетте.

АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ендігі аптада “ҚазАвтоЖол” деген мекеменің өкілдерімен үлкен жиналыс өткізейін деп жатырмыз. Сол жиналыстың ішінде барлық жұмыстарды талқылаймыз. Кеденшілердің жұмыс орындары шынымен де нашар. Соларды жөндеу қажет.

Назар аударарлық тағы бір мәселе – шекараға жеткізілген тауардың заңды болуы және сапасы. Баға да бар. Көбінесе шетелдік заңсыз өнімнің құны төмен болады. Тиісінше, олар отандық өндірістің дамуына мүмкіндік бермейді. Ал импорт санатындағы азық-түлік қалтаға айтарлықтай салмақ салуы әбден мүмкін.

АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Тұрғындардан “Азық-түлік қымбаттап жатыр, фермерлер бұл мәселені неге бақылауда ұстамайды?” деген сұрақ пен сын жиі түседі. Дүкендердегі азақ-түлікке қарасаңыз, олардың 70 пайызы Ресейде, Беларусте және Украинада жасалған. Яғни, баға валютаға байланысты өзгеріп тұр.

Сапар барысында Айдарбек Қожаназаров әскери қызметшінің мәртебесін көтеру жайлы да айтып өтті. Қазіргі таңда арнайы заң жобасы әзірленуде. Оның аясында азаматтық борышын өтеген жігіттер университетке емтихансыз түсіп, шәкіртақы алады, жатақханаға орналастырылады. Ал 5 жыл қызмет еткендер оқу орнын бітіргеннен кейін 50 пайыздық жеңілдікпен табыс салығын төлейтін болады.

 

Гульден Симбаева