Көрші елдің заңсыз астығы елімізге нендей жолмен кіреді? Бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы қалай жұмыс істейді? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаровтың бизнес өкілдерімен өткізген кездесуінде жауап ізделді. “Өзімізде өсірілетін өнімнің сырттан әкелінуі – күллі салаға, әсіресе, диқандарға ауыр соққы. Мәселе тез арада шешуді қажет етеді”,- дейді Егіншілер одағының сарапшысы Анастасия Туякова.
АНАСТАСИЯ ТУЯКОВА, Қазақстан егіншілер одағының сарапшысы:
– Ресейден келетін арзан бидай отандық өндірушілердің еңбегін құнсыздандырады. Мысалы, өндіріс құны тоннасына 100 мың теңге болса, биыл бидайдың бастапқы бағасы 70 мың теңге болмақ. Демек, отандық диқандар шығынға жұмыс істейді.
Бұлай жалғаса берсе кәсіпкер жұмысын түпкілікті тоқтатуы мүмкін. Тоқтатпас үшін мемлекет батыл шешімдер қабылдауы тиіс. Біріншіден, заңсыз саудаға тұсау салынуы керек. Екіншіден, кәсіпкерлер тиімді тұстарға басымдық бергені жөн.
АНАСТАСИЯ ТУЯКОВА, Қазақстан егіншілер одағының сарапшысы:
– Тек бидаймен ғана айналысқан тиімді емес. Солтүстік Қазақстан облысының әрбір 3-ші кәсіпорны астықтың дәл осы түрін өсірумен айналысады. Бұл түптің-түбінде өзге салаға ауысуға алып келеді. Егіншілікте жан-жақтылық қажет. Сонда ғана нәтиже болады.
Сарапшының сөзінше, ресейлік астық жергілікті бағаны бұрмалаумен қатар, салықтың төленбеуіне де әкеледі. Яғни, шекара сыртынан астық тасымалдайтындар мемлекет қазынасын молайтпайды. Тек өз қалталарын қампайтады. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров бұл мәселе еліміздің өзге де өңірлерінде барын айтып отыр.
АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облысының мәселелері бірдей. Қазіргі статистиканы қарасаңыз, Ресейден шыққан бидайдың көлемі 1 млн 300 мың тоннаны құрайды. Ал біздің мемлекетке кіргені – 300 мың тонна. Сонда 1 млн тонна қайда кетті? Біз үшін жұмбақ.
Демек, заңсыз бизнестің иісі сезіледі. Пысықайлар арзан тауарды тонналап кіргізіп, пайдаға кенеліп отыр. Ал кәсіпкерлер шығынға батуда. Депутат мұнымен күресу үшін дәнді дақыл түрін автокөлікпен кіргізуге жиі тыйым салу керектігін алға тартты.
АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Сәуір айынан бастап бидайды автокөлікпен жеткізуге тыйым салдық. Тыйым қазанның 1-і күшін жояды. Біз осыны ескеріп, тыйым уақытын қайтадан 6 айға созуды жоспарлап отырмыз. Одан да басқа бірқатар өзгерістер енгізу керек. Мысалы, “цифрлық із қалдыру” деген бар. Өңірге кірген әр тауардың сапасын бақылау қажет.
Айдарбек Қожаназаров бастаған топ теріскейге дейін бірнеше өңірде болыпты. Аймақтардағы мәселердің 80 пайызы бір-біріне ұқсас екен. Меймандар қыркүйекке дейін әр облыста болып, проблемалармен таныспақшы. Кейін оны мемлекеттік деңгейде көтеруге ниетті.
Гульден Симбаева