Қозыбаев университеті талапкерлерге есігін айқара ашты. Бүгін грант конкурсына құжат қабылдау басталды. 6-шы корпуста таңғы 9-дан ұзын-сонар кезек. Өңірдегі жоғары білім ордасын таңдап, арманға нық қадам жасағандардың бірі – Жәдігер Рақымжан. Ол ҰБТ-да 102 ұпай жинапты. Жігерлі жас құжатын музыка пәні мұғалімі мамандығына тапсырды.
ЖӘДІГЕР РАҚЫМЖАН, талапкер:
– Мен М.Жұмабаев атындағы жоғары педагогикалық колледжді бітірдім. Музыка пәні мұғалімі мамандығын таңдап отырмын. Дәл қазіргі сәтте құжаттарымды тапсырдым. Енді тек грантқа өтініш жазу ғана қалды. Грантқа түсемін деген ойдамын. Музыка саласымен көптен айналысамын. Гитара да ойнай аламын. Әндер жазамын. Хоббиім музыка болғандықтан музыка пәні мұғалімі мамандығына тапсырудамын.
Биыл Қозыбаев университетіне мемлекеттен 1500 грант бөлініп отыр. Сондай-ақ, педагикалық квота да бар. Оның саны 250-ді құрайды. Ал өнер саласы мамандарын даярлауға облыстық әкімдік 7 грант қарастырған. Мұндағы мамандардың айтуынша, талапкарлерге барынша қолайлы жағдай жасалуда.
ГҮЛМИРА ОСПАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау департаментінің директоры:
– Біз алыс аудандарға өзіміздің өкілдерді жібердік. Олар Шал ақын, Ақжар және Жамбыл аудандарында жүр. Яғни, құжат тапсырушы талапкерге осында келудің қажеті жоқ. Университет балаларға бар мүмкіндікті жасау үстінде.
Қолайлы жағдай бұл ғана емес. Қазір онлайн форматта да құжат тапсыруға болады. Ата-ана да, болашақ студент те ат терлетіп өзге қалаға бармайды.
ГҮЛМИРА ОСПАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау департаментінің директоры:
– Біз биыл екі платформа бойынша жұмыс істейміз. Олар: eGov.kz және ТестЦентр сайты. Онлайн форматта құжат қабылдау үшін арнайы кабинеттер ашып, компьютерлер дайындадық. Білмеген жағдайда мамандар көмек көрсетеді.
Еске сала кетейік, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасында қосдипломдық білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл – болашақ студенттер үшін зор мүмкіндік.
ГҮЛМИРА ОСПАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау департаментінің директоры:
– Бізде қос диплом бағдарламасына 100 грант беріледі. Қос дипломның тиімділігі жоғары. Студенттер біздің университеттің және Аризона университетінің дипломына ие болады. 3 жарым жыл Петропавлда оқыса, 1 семестр Америкада білім алады. Бірақ, 2 жоғары оқу орны үшін 1 ғана дипломдық жұмыс қорғайды. Шетелге барудағы шығындарының барлығын біздің университет төлейді.
Қозыбаев университіне грантқа түсу мүмкіндігі былтырғы жылмен салыстырғанда 50-70 пайызға артқан екен. Құжат қабылдау рәсімі шілде айының 20-сына дейін жалғасады. Ал конкурстың нәтижесі тамыздың 5-і мен 10-ы аралығында белгілі болады.
Аснурия Абдула