Балалар

“Аққайың” лагерінде 2-ші маусым ашылды

Ән мен би, ойындар. Осы аталғандардың барлығы “Аққайың” лагерінде күндегісі күнде қайталанып, жаңартылып отырады. Мұнда балалардың демалыс күндерін ұмытылмастай өткізулері үшін барлық жағдай жасалған. Бүгін балалар Нептун күніне орай көңілді концерт өткізіп жатыр. Ешқайсысы тартынбай өз өнерлерін көрсетуде.

Қазір лагерьде – 2-ші маусым. 100-ден астам бала демалып жатыр. 7-ге бөлінген әр жасақтың атауы мен ұстанымдары бар. Анель Әділхан бұл лагерьге осымен 3-ші жыл қатарынан келіп жатыр екен. Гимнастикамен айналысатын жеткіншек үйренгенін жаңа таныстарына да көрсетемін дейді.

АНЕЛЬ ӘДІЛХАН:

– Мен бұл лагерьге 3-ші рет келіп отырмын. Маған өте ұнайды. Осы жерден өте көп дос таптым. Мысалы, Меруерт, Даша, Настя. Мен екі рет 4-ші топта болдым, енді 1-ші топтамын.

Роман Чернобай да бұл лагерьдің тұрақты демалушысы. Жыл сайын осында келіп жаңа достар табады. Бірде-бір ойын мен сайыстан қалыс қалмаймын дейді.

РОМАН ЧЕРНОБАЙ:

– Мен бұл лагерьге жыл сайын келемін. Осы жолы 1-ші топтамын. Біздің тобымыз “Crazy dance” деп аталады. Маған тамағы да, жасалган жағдайы да ұнайды.

Нептун күнін өткізіп болғаннан кейін балалар су атысуға жиналды. Ыстық ауа райында сауығуға таптырмас ойын.

Балалар сауықтыру орталығының күнделікті өткізілетін іс-шара жоспарына сәйкес демалады. Балалар күнделікті 5 мезгілдік ыстық тамақпен қамтылған. Таңертең таңғы жаттығулар жасап, тәлімгерлердің жетекшілігімен түрлі ойындарға, үйірмелерге қатысады. Әртүрлі байқаулар, спорттық жарыстар, кешкісін балаларға арналған би кештері ұйымдастырылады.

ЖӘНИПА МАНБЕТЕЕВА, “Аққайың” сауықтыру лагерінің директоры:

– Бұл маусымды біз “Шығармашыл балалар” деп атадық. Арнайы күн тәртібі әзірленген. Сол бойынша балалармен жұмыс істейміз. Ояну уақыты таңғы 8-де. Тұрғаннан кейін 15 минут жаттығу жасап, түгенделіп, таңғы ас ішеді. Күніне 5 мезгіл тамақтанады. Бір минутты жай кетірмей, қызықты өткіземіз.

Жалпы, лагерьдегі демалыс мерзімі 5 маусымнан тұрады. Әр маусым 10 күнге созылады. Соңғы маусым тамыз айының 20-сында аяқталады.

 

Акжунис Мухатай