Қоғам

“Шомылуды үйретеміз” акциясы

Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында, әсіресе, жаз мезгілінде. Демалыстарын құр кетірмей, сауығуға асығатын балалар уақыттарын суда өткізгенді жақсы көреді. Ал олардың қауіпсіздігіне кім жауап береді? Судағы қайғылы жайттың алдын алу үшін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары “Нептун” аквапаркінде балаларға арнап сабақ өткізді.

Виктор Держанский – білікті құтқарушы. Осы ойын-сауық орталығында жұмыс істейді. Бүгінгі түсіндіру сабағын алдымен әңгімелесуден бастады. Балалардың нені біліп, неден хабарсыз екендіктерін сұрады. Алғашқы медициналық көмек туралы көпшілігі хабардар емес екендігі байқалды.

ВИКТОР ДЕРЖАНСКИЙ, құтқарушы:

– Мұндай түсіндіру жұмыстары қаншалықты көп болса, соншалықты жақсы. Қайғылы жайттың болмауына ықпал етеді. Бала суға түсу үшін алдымен суда өзін-өзі ұстап үйренуі керек.

Жыл басынан бері осындай іс-шара “Нептун” ойын-сауық орталығында 2-ші рет өткізіліп жатыр. Балалар дұрыс жүзумен қатар алғашқы медициналық көмек көрсету туралы ақпаратқа да қанықты.

ТЕМІРХАН САҒЫНДЫҚОВ, қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс тобының офицері:

– Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті полиция қызметкерлерімен және еріктілермен бірге шомылу маусымы басталғаннан бері күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізуде. Ондай іс-шаралар шомылуға арналмаған орындарда да өтеді. Рұқсат етілмеген жерде суға түскені үшін әкімшілік жаза қолданылады.

Осындай науқан аптасына 2 мәрте өткізіледі. Нәтижесінде 400-ге жуық балаға суға түсу ережесі түсіндірілді.

 

Акжунис Мухатай