Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Облыс әкімі журналистермен бірге құрылыс нысандарын аралады

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Петропавл күннен-күнге өзгеріп келеді. Облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар нысандар, төбесі көк тіреген үйлер, тақтайдай тегіс жолдар салынуда және жөнделуде. Бірақ, кем-кетік тұстар бар. Назар аударуды қажет ететін проблемаларға аймақ басшысы баспасөз турында тоқталды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз жылдың қорытындысы бойынша бюджетке түзету енгіздік. Қажетті қаржы қарастырылды. Енді тек жұмыс істеу керек. Жауапсыз мердігерлермен мәселе туындап тұрады. Әсіресе, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бағытында кемшіліктер бар. Кей учаскелерде абаттандыру да ақсап тұр. Компаниялардың бәрінде бірдей адам, техника жоқ. Кейбір мердігерлермен шартты үздік, олардың орнына басқалары келеді. Осылайша, жұмысты аяқтаймыз.

Алдымен облыс әкімі және БАҚ өкілдері мінген автобус “Жас Өркенге” барды. Мұнда 2021-ші жылдан бері емхана салынып жатыр. Іске “Альфа-Север” серіктестігі жауапты. Бір ауысымда 250 адамды қабылдауға қауһарлы емдеу ошағы былтыр тапсырылуы керек еді. Тапсырылмады. Кейін таспа қиылатын күн 2023-тің 15-ші маусымына ауыстырылды. Алайда, тағы үміт ақталмады. Негізгі себеп – жауапсыз тасымалдаушының нысанды қаптайтын материалды дер кезінде жеткізбеуі. Мердігер енді 10 пайыз жұмыс қалды деп отыр.

АНДРЕЙ КАПУСТИН, “Альфа-Север” ЖШС директоры:

– Мен тамыздың 15-іне дейін құрал-жабдықтарды орнатып, абаттандыру жұмысын аяқтаймын. Медициналық қондырғыларды орнату,
іске қосу үшін 20 күн керек. Қазір ішкі және сыртқы әрлеу, сонымен қатар, абаттандыру жұмысы жүргізілуде.

Тағы бір мәселе – маман жетіспеуі. Қазір құрылыс алаңына 50 жұмысшы қажет екен. Емханамен танысқан соң Айдарбек Сапаров пен БАҚ өкілдері Порфирьев көшесі, 60 мекен жайы бойынша салынған көпқабатты үйде болды. Бұл ғимарат 2021-ші жылдың қазан айында тұрғызылды. Тиісті жұмыс аяқталғасын “Мөлдір” серіктестігі инженерлік желілерді тартуға кірісіпті. Алайда, шаруа ұзаққа созылған.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үй тапсыруға дайын. Бірақ, әлі абаттандыру бойынша сұрақтар бар. Мердігер жұмысты созып жіберді. Кестеден қалып жатыр. Қала әкіміне мұндағы шаруаны қысқа уақыт ішінде аяқтатуды тапсырамын.

Үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға және аумақты абаттандыруға 347 млн теңге жұмсалыпты. Қазір құрылыс алаңында 12 адам жұмыс істеп жатыр. Алматылық компания өкілдері тиісті шаруаны тамызда аяқтаймыз деп сендерді. Өкінішке қарай, Горький көшесіндегі 14-ші және 16-шы үйде де дәл осындай жағдай. Мұнда “Energy-Тараз” серіктестігі жерге қаратып отыр.

ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Жұмысты 15-ші шілдеде аяқтау бойынша тапсырма берілді. Келісім жасалды. Алайда, 1 айдың ішінде құрылысқа қарқын қосылған жоқ. Облыстық және қалалық әкімдік тарапынан барынша көмек көрсетілді.

Мұндай сәтте жергілікті билік өкілдері қол қусырып отырмайды. Жауапсыз мердігер жауапқа тартылады. Яғни, айыппұл салынады, жағдай түзелмесе арадағы шарт күшін жояды. Жалпы, қазір облыс орталығында 27 көпқабатты үй салынып жатыр. Басым көпшілігі – құрылысы ұзаққа созылған баспаналар. Жол мәселесіне келейік. Қуанышқа орай, бүгінде бұл бағытта ауқымды оң өзгерістер бар.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жол жөндеуге 2018-ші жылдан бері 400 млн теңгеден бөлініп келді. Ал биыл 30 көшеге 6,2 млрд-тай бағытталды. Кеше мен қала әкіміне тізімге тағы 15 көшені қосуды тапсырдым. Оларды ауыспалы жоба ретінде қарастыруға болады. Яғни, жаңадан қосылған жолдарға материалды биыл алып, келесі жылы ерте аяқтаған жөн. Осы жылы 30 көшені жөндеуіміз керек. Әзірге, 7-ге жуығы көз қуантарлық күйге енді.

Қазір Жамбыл Жабаев көшесінің бір бөлігі жөнделуде. 5 шақырымға жуық жолды ауыстыруға 760 млн теңге бөлініпті. Облыс әкімі кестеден оза тер төгіп жатқан “Гранит Север” серіктестігінің жұмысын жоғары бағалады.

ЗАЛИБЕК МХАЯН, “Гранит Север” ЖШС директоры:

– Фрезирование заняло 10 дней. 8-ой день занимаемся укладкой. Ещё 3-4 дня и завершим.

Ал Кәрім Сүтішев пен Труд көшелерінің аралығында қайта қалыпқа келтіру жұмысы жүргізілуде. “Құрылыс Сервис-СК” серіктестігі бастаған жоба құны 2 млрд теңгеге жуықтайды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Брифингіде менен журналистер істің қашан аяқталатынын сұрады. Мердігер өткен жылдан бері баяу жұмыс істеп жатыр. Сәйкесінше, кестеден қалып қойды. Осыған байланысты мен ескерту жасадым. Содан кейін ғана аумақта техника мен адам саны артты. Мұндағылар тамызға дейін аяқтаймыз деп отыр.

Баспасөз туры соңында облыс әкімі мен тілшілер Жұмысшы кентіне барып, жөнделіп жатқан Панфилов көшесімен танысты. Мұнда шамамен 4 шақырымға асфальт төселмек. Жоспар бойынша маңызды жұмыс шілде айының соңында аяқталады.

 

Байболат Култанов