Күн шыжып тұр. Тұрғындардың барлығы су жағасына ағылуда. Жағадан сая тапқан ересектер арасында ішімдіктен көңіл-күй іздейтіндер аз емес.
Сосын күнмен ысып, арақпен қызып суға түседі, ал оның соңы соқпақты болуы әбден мүмкін. Келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында мамандар су жағасында рейд өткізіп жатыр. Тұрғындармен тілдеседі, қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді.
Қанат Жұмабаев, қалалық ПБ бірінші полиция бөлімі ЖПҚБ бастығы:
– Тыйым салынған жерлерде біз профилактикалық іс-шаралар жүргіземіз. Сол жерде түсіп жатқан адамдармен ішімдік көп ішпесін деп, ішімдік ішіп, суға түспесін деп шаралар жүргіземіз.
Өткен демалыс күндері полицейлер қоғамдық орында ішімдік ішуге қатысты 9 хаттама толтырған. Белгіленбеген жерде суға түскен 34 петропавлдық жауапкершілікке тартылыпты. Рұқсат етілмеген жерде шомылған жасөспірімдердің ата-аналарына да ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 364-ші бабының 1-ші бөлігі бойынша шара қолданылды.