Тілге құрмет – елге, ұлтқа деген құрмет. Қазақ тілін үйренуге деген ынта-жігер Ұлттық ұлан қатарында да арту үстінде. Осы орайда өңірімізде “Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты байқау өтті. Сайысқа 5 қаладан келген өзге ұлт өкілдері қатысты. Орталық Қазақстанның әскери бөлімшелерінде өткен жарыста оза шапқандар бүгін Петропавл қаласына жиналды. Жалпы, республикамызда Ұлттық ұланға қарайтын 40 әскери бөлімше бар екен.
ӘЛІШЕР ӘБДІРӘСІЛ, ҚР Ұлттық ұлан бас қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыс басқармасы тіл саясаты және қоғаммен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы:
– Бұл ҚР Ұлттық ұлан әскери бөлімдері орналасқан барлық өңірлерде өтіп жатыр. Жалпы, Ұлттық ұланда 4 өңірлік қолбасшылық бар. Олар: Батыс, Шығыс, Орталық және Оңтүстік. Ал бүгінгі Петропавлдағы сайысқа 5 өңірден келіп отыр. Олар: Қостанай, Қарағанды, Теміртау, Степногор және Петропавл қаласының әскери қызметшілері.
Әскери қызметшілер еліміздің қорғаны екені анық. Әрине, олардың әрқайсысы патриот, ұлт жанашыры және елін шын сүйетін азамат болуы керек.
ӘЛІШЕР ӘБДІРӘСІЛ, ҚР Ұлттық ұлан бас қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыс басқармасы тіл саясаты және қоғаммен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы:
– Негізгі мақсатымыз – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, құжаттар айналымындағы рөлін дамыту. Бұл конкурстың та сол бағыт бойынша рөлі өте зор. Мен осы сайыста шын мықтылар, шын тіл жанашырлары жеңіске жетеді деп ойлаймын.
Кирилл Пономаренко Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде бақылаушы болып қызмет етеді. Ұлты – орыс. Әскери азамат қазақ тілін тереңінен білуге құштар.
КИРИЛЛ ПОНОМАРЕНКО, ҚҚ ҰҰ 6697 әскери бөлімінің бақылаушысы, Қостанай қаласы:
– Бірінші тур өткен айда өтті. Ол әр қалада өтеді. Көптеген әріптестер қатысты. М.Жұмабаевтің шығармашылығын орындап, өз өнерімізді паш еттік. Алғашқы кезеңде 1-ші орынға ие болып, Қызылжар қаласына жолдама алдым. Бүгінгі жарыста Мағжан Жұмабаевтің 130 жылдығына арнап ақынның “Сағындым” атты өлеңін оқитын боламын.
21 жастағы жігіт қазақ тілін бір жарым жылдың ішінде үйренген екен. Тіпті, жетік меңгеріп алған десек артық айтқанымыз емес. Ол сайыста өзін өлең жолдарымен таныстырды. Абай Құнанбаевтың 16-шы қара сөзін оқыды.
КИРИЛЛ ПОНОМАРЕНКО, ҚР ҰҰ 6697 әскери бөлімінің бақылаушысы, Қостанай қаласы:
– Қазақ тілін өз әскери бөлімімдегі Білім басқармасы және тәрбие жөніндегі бөлімнің арқасында үйрендім. Үйрену қиын болған жоқ. Себебі, менің бойымда патриоттық сезім басым. Сондай-ақ, біздің әскери бөлімде тіл үйрету және тәрбие жұмыстары өте жақсы жүргізіледі.
Жалпы, конкурс үш кезеңнен тұрды. Қатысушылар өздерін таныстырып, мақал-мәтел айтып жарысты. Ал, үшінші кезеңде қазақ тілінде қойылым қойды. Барлығы – 6 адам қатысты.
Сайыста жеңімпаз атанған қатысушы республикалық кезеңге жолдама алады. Дүбірлі дода ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай қыркүйектің 5-і күні Астана қаласында өтеді.
Аснурия Абдула