МТРА жаңалықтары

Жас кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен шағын несие беріліп жатыр

Өңірімізде жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында тың дүниелер жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – аграрлық өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жоба. Осы жоба аясында 21 және 35 жас аралағындығы кез келген азамат 2,5 пайызбен шағын несие ала алады. Төлеу мерзімі 5 жылға дейін. Ал, мал шаруашылығы саласына қатысты жобаларға қарыз 7 жылға дейін беріледі.

АЛТЫНБЕК ӘНУАРБЕК, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Ағымдағы жылы 650 млн теңге сомасында 130 шағын несие беру жоспарлануда. Микронесиелер өз бизнесін кеңетуді жоспарлап отырған жас кәсіпкерлерге беріледі. Қазіргі уақытта 200 млн теңгеден астам микрокредиттер берілді.

Шағын несие 5 млн теңгеге дейін беріледі. Мемлекеттік бағдарламаның жемісін көріп отырғандардың бірі – Данияр Кангозин. Булаев қаласының тұрғыны 5 млн теңге көлемінде несие алып, автоклавты емес газоблок цехін ашқан. Бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.

ДАНИЯР КАНГОЗИН, жеке кәсіпкер, М.Жұмабаев ауданы:

– Қолға түскен қаржыға газоблок жасауға арналған станок, миксер және арбалар алдық. Оның бәрін Новосібірден жеткіздік. Тәулігіне газоблоктың 11 текше метрін әзірлейміз. Аудан тұрғындары бұған дейін газоблокты облыс орталығынан немесе Ресейден әкелетін. Жеткізу құны да арзан емес. Ауданда газоблок цехін алғаш болып мен аштым. Сұраныс бар. Біздің тауарымыздың сапасы өзгелерінікінен кем емес.

Газоблок құюдың өз ережесі бар. Манағы аталған миксерге әуелі 45 градусқа дейін ысытылған 60 литр су құйылады. Сосын каустикалық сода қосылады. Құм мен цементті алма-кезек қоса отырып араластыру қажет. Химиялық қоспасы да бар.
Негізі, газоблок құю процесі қамыр ашыту әдісіне ұқсайды. Сәл қателік кетсе, көтерілмей қалуы мүмкін екен. Соңында сұйықтық арнайы қалыпқа құйылады. Оның қалыптасып, кебуіне 3 сағат уақыт қажет.

Ал Елена Агафонова сән саласын таңдапты. 1 млн 380 мың теңге несие алып
шаштаразға қажет құрал-жабдықтар алған. Күніне 10 адам қабылдайды. Таяу арада 2 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

ЕЛЕНА АГАФОНОВА, жеке кәсіпкер, М.Жұмабаев ауданы:

– Мен шығармашыл адаммын, бір орында отырғанды қаламаймын. Осы кәсібімді бастамай тұрып көлік бояйтынмын. Тағы қосымша жұмыс қажет екендігін түсініп, сән саласына бет бұрдым. Шаштараз орналасқан жерді өз қаражатыма сатып алдым. Құрал-жабдықтарды несиеге алдым. Біздің көшеде менен басқа шаштараз жоқ. Бұл тұрғындарға да, маған да аса ыңғайлы. Көрші ауылдардан да келетін адамдар бар.

Жалпы, шағын несие алу көпшілік үшін қолжетімді. Ол үшін алдымен кәсіпкер ретінде тіркелу керек және тіркелген уақыт 5 жылдан аспауы қажет. Микрокредит арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі. Яғни, армандағы жоспарды әуелі комиссия алдында қорғап алу керек.

 

Аснурия Абдула