Қоғам

Туризм саласын дамытуға арналған тұжырымдама қабылданды

Қазақстанда туризм саласын дамытуға арналған тұжырымдама қабылданды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов хабарлады. Құжаттың басты мақсаты – туризмді елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру. Атап айтқанда, осы салада жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 800 мыңға дейін, ал жалпы қосымша құн көлемінің өсімі 6 трлн теңгеге дейін ұлғайғанын көздейді. Сонымен қатар, қонақ үй және тамақтану қызметтеріндегі инвестиция өсімін 260 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Ерекше қорғалатын аумақтарда АҚШ, Австралия және Грузия сияқты елдердің тәжірибесі қолданылмақ. Қазақстанның маңызды табиғи нысандарын сақтау үшін инвесторлар тартылады, ал мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің инфрақұрылымын жақсарту жалғасады. Мысалы, Имантау-Шалқар курортты аймағын дамыту аясында өңірімізде орналасқан жердің туристік-рекреациялық қызметінің жол картасын әзірлеу жоспарланған. Әр бағыт бойынша белсенді жұмыс жүргізілсе, 2030 жылға қарай ішкі туристер саны 11 млн-ға, ал шетелдік меймандардың қатары 4 млн адамға дейін артпақ.

 

Байболат Култанов