Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

СҚО әкімдігінде халықты жұмыспен қамту және өсімдіктерді қорғау мәселесі талқыланды

Биыл СҚО-да 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Жоспар қазірдің өзінде 60% орындалды, дегенмен барлық жерде жақсы көрсеткіш байқалмайды. Аққайың, Жамбыл, Тимирязев ауданында және облыс орталығында бұл қызмет нашар жүргізілуде, мұның барлығы жұмыссыз халық санының артуына алып келіп отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 10 ауданда өскен. Жалпы СҚО бойынша бұл көрсеткіш 4,9% құрайды.

Ринат Елжасов, СҚО әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Квоталанатын орындарға азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жалғасуда. Квоталардың мөлшері қолданыстағы қажеттіліктен әлдеқайда төмен. Мәселен, аудандар мен Петропавл қаласының жұмыспен қамту органдарының деректері бойынша бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 70 адам келді, ал квоталар тек 17-сіне белгіленді. Облыста мүгедектігі бар 8 264 адам бар, барлық квота саны 18-ді құрап отыр.

Жұмыс күші көп өңірлерден қоныс аударушылар үшін өңірлік квота бойынша оларды жұмысқа орналастыру, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту бойынша көрсеткіштер толық көлемде орындалмаған. Облыс әкімі халықты қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандыру бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Өйткені көбі бұл мүмкіндіктер туралы білмейді. Олардың қатарында жастардың жобаларын 2,5% – бен шағын несиелендіру және өтеусіз гранттар беру бар.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімі:

– Мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалған. Оның ішінде несиелер, микрокредиттер, гранттар, тіпті жалақыны субсидиялау да бар. 186 инфрақұрылымдық жоба бар. Біз 1807 жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда тек 324 адам немесе жыл жоспарының 17,9% – ы жұмысқа орналастырылды. Бүгінгі күні жол жөндеу, сумен қамтамасыз ету және құрылыс саласында жұмыстар атқарылып жатыр.

Аймақ басшысы 9 айдағы көрсеткіштерді орындауға тырысып, жұмысты кейінге қалдырмау керектігін атап өтті. Отырыс барысында өсімдіктерді қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да талқыланды. Шегіртке таралуы орын алған көрші Қостанай облысындағы жағдай алаңдаушылық туғызатынын айтады. Егінге қауіп төндірмеу үшін барлық шараларды қабылдау қажет. Ағымдағы жағдай туралы өңірдің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы баяндады.

Мейрам Меңдібаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Облыс аумағында фитосанитариялық тексеру жүргізілді. Зиянды организмдер анықталмады. Қостанай облысымен шекараласатын аудандарға қорғау іс-шараларын өткізудің маңыздылығы туралы хабарланды. Қорғаныс іс-шараларын өткізу үшін облыс аумағында 1530 бірлік бүрку техникасы, 800 мың гектар аумаққа арналған препараттар қоры бар.

Облыс аумағында көбелек құртының пайда болуы да алаңдаушылық туғызып отыр. Шағымдар Қызылжар, Есіл, Аққайың, Мамлют және М. Жұмабаев ауданының тұрғындарынан келіп түскен. Отырыс барысында зиянкестерді азайту үшін агротехникалық және химиялық шаралар қолданылатыны айтылды. Бірқатар ұсыныстар берілді. Мәселен, бақша учаскелеріндегі арамшөптерді жою, өйткені көбелектер жұмыртқаларын ең алдымен арамшөптерге салады.

Қабиден Сәдуақасов, ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекциясы комитетінің “Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы” СҚОФ басшысы:

– Зиянкестер бидай, күнбағыс, арамшөптер мен егістіктерден табылды. Жапырақ бетінің зақымдану дәрежесі бірден орташа дәрежеге дейін байқалады. Зияндылықтың экономикалық шегі жоғары 368 гектар алаңда, Мамлют ауданында – 328 га алаңда, Андреев ауылдық округі “Асхат АГРО” ЖШС, Белов ауылдық округі “Тюркин” ЖШС және Қызылжар аудандарында 40 га алаңда – Жаңатілек ӘКК Рощин ауылдық округі атап өтілді. Барлық осы учаскелерде химиялық тазарту жүргізілді.

Сондай-ақ бидай мен зығыр шашақ қанаттылары, бидай кенесі, қырыққабат көбелегі, сарықанат жібек көбелегенің егістік алқаптарында таралғаны анықталды. Септориоз бен жатаған укекіре де таралып отыр. Соңғылары Ақжар және Ғабит Мүсірепов ауданында байқалады. Айдарбек Сапаров бұл мәселенің салдарынан астық экспортына тыйым салынуы мүмкін дейді. Ол осы салада жүргізіліп жатқан жұмыстарды сынға алып, қорғану шараларын жеделдетуді тапсырды.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімі:

– Фитосанитарлық жағдай – маңызды мәселе. Ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармасы, аумақтық инспекция, фитосанитариялық қызметтер, аудан әкімдері, мәселені бақылауда ұстау қажет.

Бүгінгі таңда аумақтың 86,3% арамшөптерге қарсы, 167% – дан астам зиянкестерден, 82,4% аурулардан өңделген. Облыс бойынша жаздық егіс 4,5 миллион гектарды құрады. Вегетациялық кезең қолайлы, жауын-шашын нормадан көп болды. Дақылдардың 58,6%-ы жақсы жағдайда, 41,4% – ы қанағаттанарлық деп танылып отыр.