Қоғам

Петропавлда 2 адам суға батып кетті

Өңірде суға шомылу маусымы басталғалы 2 ересек адам қайтыс болды. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінің брифингінде айтылды.
Қос жағдайда да марқұмдар рұқсат етілмеген жерде суға түскен.
Құтқарушылар тылсым күштің қатерінен 15 адамды аман алып қалыпты, соның 1-еуі – бала. Жалпы, жыл басынан бері мамандар өзен-көл жағасында 4 мың рейдтік іс-шара жүргізген.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

– Рейдтік іс-шара кезінде 70 мыңнан астам үгіт-насихат қағаз таратылды. Сонымен қатар, балаларға жүзуді үйрету бойынша шаралар да орын алды. 10 жыл бұрынғы статистикаға үңілетін болсақ, рұқсат етілген су айдындарында қайғылы оқиға орын алмаған. Осы белгіленген жерлерде медицина мамандарымен бірлесіп су тазаланып, құтқару шаралары нығайтылды.

Жалпы, облыс аумағында 60-қа жуық өзен, 2 мыңнан астам көл мен 117 котлован бар. Айтылғандардың тек 58-інде ғана шомылуға рұқсат етіледі. Петропал қаласында шомылуға рұқсат етілген 2 су айдыны бар, олар – Пестрое көлі мен қалалық жағажай. Айта кетейік, рұқсат етілмеген орындарда суға түскені үшін 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Биыл 150 петропавлдыққа осындай жаза тағайындалған.

 

Акжунис Мухатай