Өңірде жыл басынан бері жұмыс орнында 11 жазатайым оқиға тіркелді. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 10-ы жарақат алды.
АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
– Адамның қаза табуына қатысты жағдай Петропавл металл құрылымдары зауытында болды. Кран машинсі болып жұмыс істейтін азамат биіктіктен құлап, көз жұмды. Бұл жағдайда жұмыс беруші 75 пайыз кінәлі болып отыр. Ер адам краннан рұқсат етілмеген жерде, яғни жөндеу учаскесінде шығып кеткен. Ал кәсіпорын басшылығында ол жердің жөндеу учаскесі екенін растайтын құжат жоқ.
Жұмысберуші тарап бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгініп отыр. Жалпы, өндірістік жарақаттану деңгейі облыста өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға төмендеген. Өңірде шық бермес Шығайбайлардың саны азайған көрінеді. Жалақы бойынша қарыз тек бір кәсіпорында ғана тіркелген. Басшылығы қызметкерлеріне жұмыс істетуін істетіп алып, жалақы төлеуден жалтарған екен. Дегенмен, берешек толығымен өтеліпті.
АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
– Облыста жалақы бойынша ағымдағы және мерзімі өткен, сондай-ақ, банкрот кәсіпорындарда жалақы бойынша берешек жоқ. Ал 2023 жылдың өткен кезеңінде 1 кәсіпорында жалақы бойынша берешек анықталды. Ол қазіргі уақытта толығымен өтелді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 52 қызметкердің құқығы қорғалды. Оларға 12,5 млн теңге төленді.
Жалпы, басқарма өкілдері соңғы 6 айда өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдарға 100-ден астам тексеріс жүргізген. Нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 171 фактісі тіркелді. Айыпты деп танылған 37 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 7 млн теңге болатын айыппұл салынған.
Аснурия Абдула