Спорт

Триатлоннан қала чемпионаты өтті

Петропавлда шаһардың 271 жылдығына орай триатлоннан қала чемпионаты өтті. Осымен 2-ші жыл қатарынан ұйымдастырылған шараға 40-тан астам спортшы қатысты. Бірі де осал емес. Александр Наумов – 60-тан асқан триатлоншы. Дегенмен, ол – бүгінгі жарыстағы тісқаққандардың бірі. Талай додада шашасына шаң жұқтырмаған университет оқытушысы жастарға лайықты бәсекелестік танытуды көздейді.

АЛЕКСАНДР НАУМОВ, триатлоншы:

– Қазір 15-тен астам спорт шеберімен сынға түсемін. Дайындалдым. Жеңісті оңайлықпен бермеймін. Бұған дейін талай додада бақ сынап, топ жарған едім. Тәжірибеген сүйенеміз. Қаламызда жас триатлоншылардың көбейгені қуантады. Бәріне сәттілік тілеймін!

Бәсеке басталды. Триатлоншылар Пестрое көліне күмп берді. Олар ереже бойынша 300 метрді жүзіп өтулері тиіс. Көпшілігінің қарқыны жаман емес. Суда өздерін балықтай сезінетіндері қос қолды қайта-қайта алға созып, жағаға жақындап келеді. Көп ұзамай үздіктер төбе көрсетті.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Міне, триатлон жарысының екінші кезеңіне де келіп жеттік. Қаз-қатар велосипедтер тізілген. Онда әр қатысушының аты-жөні жазылып тұр. Қатысушылар судан шыққасын жүгіріп осында келеді. Осы жерден велосипедін алып, белгіленген қашықтықты бағындыруға аттанады.

Ал күннің ыстығында бағындыратын қашықтық 10 шақырымды құрайды. Мұнда бойдағы бар күш-жігерді сарп қылып алмауы қажет. Себебі, алда үшінші кезең тұр. Онда қатысушылар 2 жарым шақырымға жүгіреді. Яғни, жарыс барысында әр триатлоншы өзінің шама-шарқын дұрыс есептеп, мәреге жетуі міндетті. Тартысты сайысты көрермендер қызыға тамашалады. Көпшілігі жанкүйер ретінде келіпті.

– Достарым 2-ші жыл қатысып жатыр. Әзірге, Игорь деген досым – бірінші орында. Топ жарады деп ойлаймын.
– Қолдау көрсету үшін келіп отырмыз. Жоғары деңгейде өтіп жатыр.

Көп ұзамай желден жүйріктер 10 шақырымды еңсеріп, жүгіріп кетті. Ал соңғы кезең ұзаққа созылмады. Жеңімпаз – Никита Изотов есімді петропавлдық. Ол мәреге 37 минут 22 секундта жетті.

НИКИТА ИЗОТОВ, жарыстың жеңімпазы:

– В этом году планировал выиграть. Выполнил свой план, выиграл. Тяжело бежать, бок схватило.

Александр Наумовтың да табандылығын бағалай кеткен жөн. Ол мәре сызығын үздіктердің қатарында кесті. Жарыс соңында тұғырға шыққандар марапат иеленді, қошеметке бөленді.

 

Байболат Култанов