Осыдан бірнеше күн бұрын Қостанай және Ақтөбе облыстарында шегірткенің қаптағаны туралы ақпарат тараған болатын. Іргелес өңірлерден келуі мүмкін қауіпті жәндіктің алдын алу мақсатында солтүстікқазақстандық диқандар шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын күшейткен. Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Береке агро» серіктестігінде 61 мың гектарға жуық жер залалсыздандырылыпты.
БАЙКЕНЖЕ ҚҰРМАНОВ, «БЕРЕКЕ АГРО» ЖШС ДИРЕКТОРЫ, Ғ.МҮСІРЕПОВ АУДАНЫ:
– Біз Қостанай және Ақмола облыстарының шаруаларымен тығыз байланыстамыз. Бүгінде бізге облыс әкімдігі мен аумақтық және фитосанитарлық инспекциялар көмек көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда егіс алқаптарында жәндіктер байқалмайды.
Александр Балякиннің «Береке агро» серіктестігінде еңбек етіп келе жатқанына – 21 жыл. Оның айтуына қарағанда, шегірткеге қарсы улау жұмыстарына кейде жаңбыр мен жел кедергі болады екен. Бүгінде тиісті шаруаны атқаруға 3 техника мен 10 адам жұмылдырылған.
АЛЕКСАНДР БАЛЯКИН, «БЕРЕКЕ АГРО» ЖШС ЖҰМЫСШЫСЫ, Ғ.МҮСІРЕПОВ АУДАНЫ:
– Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бір күннің ішінде біраз аумақты дезинфекциялап шығамыз. Техникамыз жаңа, шаруаны тез әрі сапалы атқаруға мүмкіндік береді.
Аумақтық инспекция мамандарының айтуынша облыс бойынша ахуал тұрақты. Өңірде фитосанитарлық тексеріс кезінде табын шегірткелер анықталған жоқ. Тиісті техника мен препарат қоры жеткілікті. Зиянды жәндіктерге қарсы күрес жұмыстары жаз айының басынан бері жүргізіліп жатыр.
НҰРЛАН БҮРКІТАЛИН – ҚР АШМ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКЦИЯ КОМИТЕТІ СҚО АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
– Ақтөбе және Қостанай облыстарында табынды шегірткелердің таралуына байланысты біздің облыста оның алдын алу үшін арнайы штаб жұмыс істеді. Өңір шаруалары зиянкестерге қарсы жұмыстар жүргізуде.
Жалпы, өңірде 1 жарым мыңға жуық бүрку техникасы бар. 734 мың гектар егіс алқабына арналған препарат қоры да жетерлік.