Ауыл шаруашылығы

Петропавлда үздік тауар өндірушілер анықталды

Петропавлда үздік тауар өндірушілер анықталды. Орталық алаңның мына тұсына «Бір ауыл-бір өнім» жобасына қатысушылар жайғасқан. Шолпанай Тасова шаһарға Тайынша ауданына қарасты Леонидовка ауылынан келіп отыр. Ол киізден түрлі аяқ киім жасайды. Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын бұл өнеріміз ұмытылып бара жатыр. Осыған налыған шебер білік сыбана іске кірісіпті. Шикізат – қойдың жүні. Бәріміз білетіндей, оны қазір көпшілік пайдаға жарата қоймайды.

ШОЛПАНАЙ ТАСОВА, Леонидовка ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Ауылда қой жүні төгіліп жатыр. Соған жаным ашиды. Жүн емдік қасиетке ие әрі сол қасиет ешқашан жоғалмайды.

Шолпанай Тасова қой жүнінен аяқ киім жасауды кезінде ақылшы әжеден емес, бертін келе интернеттен үйреніпті. Уақыт пен мүмкіндікті тиімді пайдаланған шебер “бастысы ниет болу қажет” дейді. Қалауын тапса, қара жанады…

ШОЛПАНАЙ ТАСОВА, Леонидовка ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Тұрғындардан қойдың жүнін сұрап аламын. Беретіндер бар. Өте жылы. Қазірде кисеңіз болады. Аяқ мүлде терлемейді.

Ал орталық алаңның келесі жағында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының облыстық кезеңі өтті. Мұнда да үздіктер жиылған. Мысалы, “ЭКОМОЛ Сергеевское” серіктестігі дәмі таңдайдан кетпес сүт және қышқыл сүт өнімдерін шығарады.

ЛИДИЯ ЧЕСНОКОВА, “ЭКОМОЛ Сергеевское” ЖШС өкілі, Шал ақын ауданы:

– Біздің өнімдер әрқашан жоғары бағаланады. Тапсырыс жан-жақтан түседі. Майға, ірімшік пен құртқа қызығатындарда есеп жоқ. Бұл сапаның белгісі деп білеміз.

Қаз-қатар тізілген өндірушілердің тауарларымен облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев танысты. Мұнда арнайы комиссия да жұмыс істеді. Бір топ маман әр шатырға барып, өнімдерге бірқатар талап бойынша баға берді.

ТИМУР БЕКЕЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Бұл – республикалық деңгейдегі шара. Қазір еліміздің әр аймағында өтіп жатыр. Байқауда жеңіске жеткендер ақтық сынға жолдама алады. Ал шешуші кезеңге жолы түскендер өздерінің үздік өнімдерін облысқа ғана емес, күллі елге танытады. Бұл – тауар өндірушілер үшін тамаша мүмкіндік.

Шара соңында үздіктер анықталды. 9 теріскейлік тауар өндіруші 3 аталым бойынша топ жарды.

 

Байболат Култанов