Қоғам

Петропавл қаласына – 271 жыл

Мерекеге арналған думанды концерт қаламызда өтіп жатқан көп шараның бірі болды. Орталық алаңға жиналған қауым тойлаудан жалығар емес. Айтулы күннің шымылдығы Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің құттықтау сөзімен ашылды.

Сіздерді шын жүректен қаламыздың туған күнімен құттықтаймын. Петропавл – эконономикалық мән-мағынасы жоғары қала. Облыстың солтүстік қақпасы автомобиль, әуе, өзен, темір жолдарының ірі торабы және ауқымды әкімшілік, іскер, мәдени орталық. Қаламызда жыл емес күн санап оң өзгерістер орын алып жатыр. Мектептер, емхана мен спорттық ғимараттар сынды әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп жатыр. Зәулім үйлер салынып, ойын-сауық орталықтардың да саны артып жатыр.))

Қала басшысы өз сөзінен кейін түрлі сала қызметкерлерін құттықтап, өз ісіне жауапкершілікпен қараған үздіктерді алғыс хатпен марапаттады.

Марапатталғандардың бірі – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің қазақ тілі пәні бойынша оқытушысы Назгүл Баекина болды. Бұл салада 20 жылдық өтілі бар нәзікжанды қуанышымен бөлісті.

НАЗГҮЛ БАЕКИНА:

– Бүгінгі мерекеге орай мені марапаттап жатыр. Қаламыз өсіп, өркендей берсін, тек қана жақсылық болып, тиыштықта өмір сүрейік. Қаламызбен бірге білім ордаларының да сапасы өсіп жатыр. Мысалы, Солтүстік Қазақстан университеті Аризонамен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Шетелден де оқуға студенттер тартылуда. Сонымен қоса, жастарға екі диплом алып шығуға мүмкіндік бар.

Шараның ең қызықты кезеңі ұлттық киімдердің сән көрсетілімі болды. Қазақи нақыштағы өрнектелген көйлектер қазақстандық танымал дизайнерлердің туындысы екен. Кимешек, ақ орамал мен ұзын етекті көйлек киген сәнбикелер қызыл кілемнің үстімен мың бұрала өтті.

Облыс орталығында адам аяғы сирер емес. Бірнеше күннен бері жалғасын тауып жатқан концерттік бағдарламалар жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ең бастысы, тұрғындардың көңілінен шығуда.

– Бүгін керемет, тамаша күнге келіп отырмыз. Екі мереке қатар келіп отыр. Астананың 25 жылдығымен Қызылжардың туған күніне арналған концерт жақса өтіп жатыр. Әкімдіктің алдына барлығы жиналып жатыр. Жақсы өтуде, билеп, көңілденіп, ән айтып шаттанып қалдық.

– Шын жүректен осы мекемен құттықтаймын. Зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын.

– Бүгінгі мерекемен баршаңызды құттықтаймын. Бәріне ашық аспан, зор денсаулық тілеймін.

– Өте тамаша шаралар өтіп жатыр қалада. Бірнеше күннен бері отбасымызбен көруге келіп жатырмыз. Балаларға арналған ойын-сауықтар көп, өте көңілді.

Сондай-ақ, бұл шарада “Сүйікті қаламызға тілек” және “Туған күніңмен сүйікті қалам” атауларымен акция өткізілді. Тұрғындар мен қонақтар тақтайшаға қаламызға арналған ізгі тілектерін жазып қалдырды.

Қала күніне арналған думанды күн таңғы 10-нан кешке дейін жалғасты. Облыс орталығынан бастау алған мерекелік шара Пестрое көліндегі “Солтүстік жұлдыз” саябағында да өтті. Қала жастары жанды дауыста ән шырқап, кешті ерекше атмосфераға бөледі. Тұрғындар түрлі түсті бояу жағып, көңіл көтерді.

 

Акжунис Мухатай