Қоғам

Мағжан туралы 4 тілде жазылған кітап таныстырылды

Петропавл қаласының тарихы. Осындай атаумен қала күніне орай облыстық ҚХА-да жиын өтті. Петропавл – тарихы бай қала. Шарада ел мақтанышы, Қызылжарда өмірге келген тарихи тұлғалар жайлы баян етілді. «Мен жастарға сенемін» өлеңімен танымал Мағжан Жұмабаев, жазушы Сәбит Мұқанов өңіріміздің жусанын иіскеп, осы топырақта аунап-қунап өскен. Олар туған жер үшін көп еңбек сіңірді. Жиында Мағжан Бекенұлы туралы 4 тілде жазылған бір томдық «Біздің Мағжан» кітабы таныстырылды.

НАТАЛЬЯ ЧУРЯК, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі:

– Мағжан – қазақ мәдениетінің інжу-маржаны, ұлы ақын, қазақ әдебиетінің классигі. Кітапханада қаңтар айынан бастап Мағжан Жұмабаевқа арналып кең көрме ұйымдастырылды. Келушілерге Мағжанды дарынды ақын, ұстаз ретінде жан-жақты көрсетуге тырыстық.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кирилл Филоновтың туған жер туралы жазылған біраз өлеңі бар. Бүгінгі жиында тырнақалды туындыларын оқып бермек. Қаламгердің өлең жазуға деген махаббаты бала кезінде оянған.

КИРИЛЛ ФИЛОНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Менің өлеңдерімнің көбісі Есіл өңірінің табиғаты туралы. Лирикалық, әдеби-көркемдік жанрда жазамын. Мені өңіріміздің табиғаты, халқы шабыттандырады. Кейбір адамдар өлеңімнің себепкері де болады. Сол себепті, қалтамда қағазым мен қаламым бірге жүреді.

Жиын барысында Қызылжар туралы жыр жолдарынан басқа тарихы да тыңдалды.

 

Гульден Симбаева