Шілденің 5-і күні елімізде негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу өз мәресіне жетті. Сынақты 162 мың түлек тапсырып, оның 135 мыңы шекті балл жинады. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға өскен. Бұл туралы елордада өткен брифингіде ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді.
ҚУАНЫШ ЕРҒАЛИЕВ, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі:
– Биыл өткен жылмен салыстырғанда орташа балл 7 балға өсті. Биыл 73 балл болды. Ең жоғарғы көрсеткіш – 137 балды 5 адам жинады. Ал 120 балдан жоғары жинағандардың саны 2868 адамды құрайды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге де арнайы жағдай жасалынды. Мысалы, уақыт 40 минутқа ұзартылды. Сызба және диаграммасы бар қиын тапсырмалар алып тасталды.
Тестілеу кезінде ережеге бағынбай, тәртіп бұзғандар да бой көрсетті. 402 талапкер ішке тыйым салынған заттарды алып кірмекші болған. Нәтижесінде олар негізгі ҰБТ тапсыру құқығынан айырылды. Ал, сынақ кезінде ереже бұзғаны үшін 312 талапкер аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Жалпы, ҰБТ “1 компьютер, 2 камера, 1 тестіленуші” қағидаты бойынша өтті.
РУСЛАН ЕМЕЛБАЕВ, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры:
– Оқуға түсу үшін тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылған. Фонталды камераны ең басты мақсаты – жеке тұлғаны сәйкестендіру. Осы шаралардың арқасында бөгде адамдардың кіруін болдырмау мүмкіндігіне ие болдық. Биылғы ҰБТ-да бірде-бір бөгде тұлға анықталған жоқ.
Сондай-ақ, нәтижемен келіспейтін 50 мың талапкер аппеляцияға өтініш берген. Оның 805-і қанағаттандырылды. Айта кетейік, биыл бакалавриатқа түсу үшін ел бойынша 73 мың грант бөлінді. Ал, конкурсқа құжаттар қабылдау шілденің 13-і және 20-сы аралығында өтеді.
Аснурия Абдула