Ауыл шаруашылығы

Ауылшаруашылық жәрмеңкеде 50 тоннаға жуық өнім сатылды

Жыл сайын ұйымдастырылатын шараға 6 ауданның тұрғындары ат салысты. Күннің ыстығына қарамастан жәрмеңкеде ине шаншар жер жоқ. Тұрғызылған шатырлардың маңы адамдарға лық толы. Барлығы арзан әрі табиғи өнімдерді алуға асық. Өңір басшысы Айдарбек Сапаров сатушылармен жүздесіп, өнімдердің сапасын бағамдап өтті.

Орталықта 15-тен астам шатыр тігілген. Әр аудан 3 шатыр құрған. Мамлют ауданының тұрғындары бірігіп сүт өнімдері мен ет сатуда. Сауда қызу. Сатушылар тіпті тілшілерге сұхбат беруге әрең дегенде уақыт бөлді. Мамлют ауданындағы Приград ауылдық округінің әкімі Мұрат Қарабалаевтың айтуынша, аудан тұрғындары әр жәрмеңкеге белсенді қатысады. Сатушылар түске дейін әкелген тауарлардың жартысын сатып үлгерген.

МҰРАТ ҚАРАБАЛАЕВ, Приград ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

– Сүттің бағасы – 200 теңге, ірімшік – 800 теңге, жұмыртқаның бағасы – 400 теңге. Қойдың еті 2200 теңгеден. Қара мал да бар. Өзімнің округімді айтатын болсам, 400 дана жұмыртқа, 40-50 литр сүт, 40-50 кг ірімшік, 10 кг сары май әкелдік. Көріп тұрғандарыңыздай, халық белсенді. Таңертеңнен бастап сауда жүріп жатыр. Жартысын сатып үлгердік.

Жалпы, жәрмеңкеге 50 тоннаға жуық өнім жеткізіліпті. Тауарлардың бағасына келетін болсақ, 10 дана жұмыртқа 400-ден, жылқы еті – 2700, жоғарғы сұрыпты ұн 170 теңге, сәбіздің 1 келісі 200 теңгеге бағаланды. Шараға Есіл ауданының тұрғындары 5 тоннадан астам табиғи өнім әкелген.

АЙНАГҮЛ БЕКТАСОВА, Есіл ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы:

– Қара малдың 8 басын әкелдік – 1600 кг, соның 3-еуі сатылды. Қаймақ жақсы сатылып жатыр. Сауда жақсы жүріп жатыр.

Жәрмеңкеге келушілердің дені – қариялар. Олар табиғи өнімді дүкеннен алғанша осы жәрмеңкеде алған әлдеқайда тиімді дейді.

– Ет алдым. Қиярлар да бар екен, 300-ақ теңге. Арзан.
– Жәрмеңке ұнап жатыр. Бағалары өте қолайлы.
– Өзім осы маңайда тұрамын. Келіп отырамын. Бәрін алдық. Қаймақ, сүт, ет, картоп.

Жалпы, азық-түлік жәрмеңкесінде 50 тонна тауардың барлығы сатылыпты.

 

Гульден Симбаева