Мәдениет

Петропавлда “Qyzyljar music fest-2023” фестивалі бастау алды

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– Шаһар төрінде – “Qyzyljar music fest-2023” фестивалі. Араға бір жыл салып облыс орталығында қайта өткізгелі тұрған халықаралық шараның бүгін шымылдығы ашылмақ. Басты алаңға жерлестеріміз біртіндеп жиналуда. Ал оған дейін бүгінгі бағдарламамен танысайық.

ДОСБОЛ ӘБДІРЕЙІСОВ, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы:

– Бүгінгі біздің фестваль этномузыкамен басталып жатыр. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – этномузыка. Фестиваль 5 күн бойы басты алаңда өтеді. Күнде сағат 20.00-ден басталады. Концертке шетелден келген қонақтарымыз қатысады. Сонымен қатар, еліміздің басқа облыстарынан қатысушылар бар: ШҚО, Астана қаласы, Көкшетау қаласы. Жалпы, фестивальда 350-ден астам адам өнер көрсетеді.

Көп ұзамай Астана қаласының 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған фестиваль да басталып кетті. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев тұрғындарды мерекемен құттықтады.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Әлемнің үздік өнерпаздары мен еліміздің талантты әншілері жиылған жұртқа рухани азық сыйлайды деп сенеміз. 5 күнге созылатын фестиваль шын мәнінде ел мен жерді біріктірер, алыс пен жақынды байланыстырған өнер тойы деп есептеуге болады. Құрметті қауым, өңірімізге келген абыройлы қонақтарға облыс басшылығы және өзімнің атымнан ризашылығымызды білдіріп, шығармашылық шабыт тілейміз.

Жергілікті «Әлқисса» фольклорлық ансамблі, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген «Бабалар сазы» мен «Барқытбел» этнофольклорлық ансамблбдері. Сондай-ақ, өзге мемлекеттен келген өнерпаздар. Тындаушылардың назарына құлақтың құрышын қандырар ән мен музыкалық аспаптардан шырқалған әуендер ұсынылды.

Шырқалған ән мен аспаптармен ойналған әуендерден бөлек көрермендер би де тамашалады.

Біреулері концерт тыңдаса, келесілері қолөнершілердің көрмесін тамашалап жатыр. Мына киіз үйдің ішінде ұлттық бұйымдар ұсынылған. Үмітжан Шахмұратова жұбайымен келіп отыр. Олар өзге облыста тұратын туыстарының жасаған көздің жауын алар туындыларын әкеліпті.

ҮМІТЖАН ШАХМҰРАТОВА, қала тұрғыны:

– Біз осындай бұйымдарды сатумен 20 жылдай айналысамыз. Бұрыннан келе жатқан қазақтың дәстүрін жаңартайық деп, соны көрсетейік деп келдік. Бұл – қазақтың бұрынна келген астауы. Мынау – бүркіт. Ал мында қойдың басын салуға болады. Бұл – сыбызғы. Оны осылай тіске салып ойнайды. Қамыстан жасалған. Бұл бұйымдарды өзіміз жасамаймыз, оңтүстікте тұратын туыстарымыз жасайды. Солардан аламыз. Осында сатамыз.

Ауа райы концертке шақырып тұрғандай қолайлы. Басты алаңға жиналған жұрттың қарасы қалың. Этномузыканы сүйіп тыңдайтын жандар жиналыпты.

– Концерт өте жақсы өтіп жатыр. Халық музыкасы қатты ұнайды өзіме. Сондықтан, бүгін апамды әкеліп, концертті тамашалап отырмыз. Өте керемет.
– Астананың 25 жылдығы құтты болсын! Концерт жақсы өтіп жатыр. Келгеніме қуаныштымын. Тек қана жақсылық болсын.
– Астана күніне арналып ұйымдастырылған 5-і мен 9-ы аралығында болатын “Қызылжар music fest»-тің өткізіліп жатқанына қуаныштымын. Жаңа келіп жатырмын. Өзіміздің жергілікті өнерпаздарды көріп қуанып отырмын. Басқа жақтан келген меймандарымыз да бар екен. Күнде келемін деп жоспарлап қойдым.

 

Самал Жунусова