Embeds for YouTube: No video/playlist ID has been supplied
[https://www.youtube.com/watch?v=7HKZZJX_q8U/youtube]Басты алаңда бас қала күні тойлануда. Бүгінде еңсесін тіктеген жас елордамызға 25 жыл толып отыр. Сарыарқа төсінде ойып тұрып орын алған Астанамыздың мүшел жасын тойлауға жұртшылық көптеп жиналды. Шара шымылдығын құттықтау сөзбен облыс әкімі Айдарбек Сапаров ашты.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Биыл бас қаламыздың Астана атанғанына 25 жыл толып отыр. Тарих үшін бұл аз ғана уақыт. Соған қарамастан ширек ғасырда Еуразияның қақ ортасында сәулеті мен дәулеті жарасқан әсем қала пайда болды.
Бүгінде Астана бүкіл халқымыздың мақтанышына айналды.
Баршаңызды бас қаламыз Астананың 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Әсем елордамыз жылдан жылға көркейе берсін. Мереке күні шаңырақтарыңызға амандық, саулық, береке мен бақыт тілеймін.
Елорда күнінде солтүстікқазақстандық алтын құрсақты аналар құрметке бөленді. Көпбалалы ардақты, аяулы жандарға облыс әкімі алтын және күміс алқа төсбелгілерін табыстады. Құрметкен бөленгендердің бірі – Кристина Ястренская. Қала тұрғыны 2 ұл мен 4 қыз тәрбиелеп отыр.
КРИСТИНА ЯСТРЕНСКАЯ, көпбалалы ана:
– Балаларымның барлығы дерлік балабақша мен мектепке барады. Жолдасым да, өзім де көпбалалы отбасыдан шықтық. Сондықтан, балаларымыздың көп болғанын қаладық. Бұл – баға жетпес бақыт. Бала тәрбиелеу бұл біріншіден асқан жауапкершілікті қажет етеді. Оған көп күш-жігер қажет. Ұл-қыздарым маған жан-жақтан көмектеседі. Үлкен отбасы болып тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.
Бас қаламен құрдас жастар да назардан тыс қалмады. Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасоваға арнайы марапат берілді. Нәзікжанды Астанамызбен біте қайнасып, дамып келеді.
ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
– Биылғы жыл – еліміз үшін мерейтойларға толы жыл. Мінекей, Астанамыз 25-ке толып отыр. Мен де 25-ке келдім. Елордамыздың қалай дамып жатқандығына қарап өзіңнің осы 25 жылда не істегеніңді ойлануға болады. 25 жылдың ішінде Астанамыз бүкіл әлемге танылды. Сондықтан, мен де дамығым келеді. Астана – жастардың, жаңа мүмкіндіктердің қаласы. Сондықтан, алдағы уақытта бас қалада елдің дамуына өз үлесімді қосқым келеді.
Кейін салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Жергілікті жезтаңдай әншілер құйқылжыта ән салды. Құлақ құрышын қандыратын әндерді естіген тұрғындар бір орында отыра алмай, биге басты.
Жиналған көпшіліктің тілегі де, сенімі де бір. Ағайын ел дамып, арадағы береке-бірлік арта түссе дейді.
– Құрметті петропавлдықтар, сіздерді Астана күнімен құттықтаймын. Еліміз жасап, нұрланып, көркейе берсін.
– Ағайын аман болсын! Бала-шағамыз өсе берсін. Жұмыстары жемісті болсын.
– Ең бірінші бізге керегі бейбіт күн ғой. Еліміз көркейе берсін. Аманшылық болсын.
Алдияр Айтпаев