Шаршаңқы күйде көлік жүргізудің салдары соқпақты. Полиция қызметкерлері жедел жәрдем мамандарымен бірлесіп жолдағы қайғылы жайттың алдын алу мақсатында арнайы акция ұйымдастырды. Олар түнгі уақытта рейдке шығып, жүргізушілердің қан қысымын тексерді. Әсіресе, жүк көліктері мен автобустар жіті назарда болды. Рөлдегілердің жай-күйі бағамдалып, дұрыс тынығу қажеттігі туралы айтылды.
ЭДУАРД ПЕТЕРСОН:
– Түнгі уақытта жол жүрудің қауіпті тұстары бар, әрине. Әлсін-әлсін тынығып отыру қажет. 8-9 сағат болсын, демалу керек. Өзім қазір жақын маңдағы тұраққа барып ұйықтап аламын.
Тәртіп сақшылары темір тұлпар тізгіндегендерден қауіпсіздік белдігін тағынып жүруді, жылдамдық режимін, маневр жасау қағидаларын қатаң сақтауды сұрайды. Ең абзалы, шаршаған күйде жолға шықпаған жөн.
ГРИГОРИЙ ТЫШ, СҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары:
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, апаттылық деңгейін төмендету мақсатында, әсіресе, автокөлік құралдары жүргізушілерінің шаршағандық себебі бойынша шілденің 1-і мен 31-і аралығында облыс аумағында «Рөлде ұйықтау» акциясы өткізілуде.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде жыл басынан бері көлік тізгінінде отырып ұйықтап кетудің салдарынан болған жол-көлік оқиғаларында 320 адам қаза тапқан.
Акжунис Мухатай