“Кәсіпке бағыт” жобасы аясында өткен ара өсіру ісіне арналған оқыту курсы өз мәресіне жетті. Қанатты жәндік шаруашылығының қыр-сырын “Пасека-Қызылжар” серіктестігінің омарташы-сарапшысы Дмитрий Степура үйретті. 35 жылдық тәжірибесі бар маман қатысушыларға 2 күн бойы дәріс оқыды. Іс жүзінде көрсету үшін орман алқабындағы омартаға ертіп барды.
Курсқа көпжылдық тәжірибесі бар омарташылар да қатысты. Олар бұл саланың жілігін шағып, майын ішсе де білмегеніміз көп екен дейді.
ИГОРЬ НИЯЗОВ, жеке кәсіпкер:
– Осындай мүмкіндік беріп отырған Кәсіпкерлер палатасына алғысымды білдіремін. Оқу барысы бәріміз үшін қызықты болды. Араларды қысқа қалай дайындау керектігін, аналықтарды қалай дұрыс өсіру керектігін білдік. Осындай көп ақпаратты 4 күннің ішіне қалай сыйғызғанына әлі таң қалудамын.
АЛЕКСАНДР ИВЧЕНКО, жеке кәсіпкер:
– Оқыту курсы маған ұнады. Теориялық сабақ та, тәжірибелік түрі де есте қаларлықтай болды. Көп пайдалы ақпарат айтылды. Қазір бой емес, ой жарыстыратын заман. Ал, даму үшін білім мен біліктілікті әрдайым арттырып отыру қажет.
11 қатысушы 4 күндік оқуды қорытындылап, сертификаттарын қолға алды. Сондай-ақ, олар оқытушы кәсіпкерлердің тарапынан көрсетілетін 3 айлық ақпараттық қолдауға жүгіне алады.
ВЛАДИСЛАВ САДЫКОВ, жеке кәсіпкер:
– Мен осы жасыма дейін мұндай оқуларға қатысып көрмеппін. Себебі, бәрінің форматы бір, аса бір ерекшелігі жоқ деп ойлайтынмын. Ал, мұнда бәрі өзгеше. Кәсіпке енді аяқ басқандар да, көп жыл тер төгіп жүргендер де жиналды. Бір-бірімізге кеңес бердік, тәжірибе алмастық.
Тағы еске сала кетейік, мүмкіндіктер мұнымен шектелген жоқ. Алдағы уақытта туризм, балық пен тұқым шаруашылығы және сүтті ірі қара мал өсіру бағыттары бойынша да тегін оқыту өткізіледі.
Аснурия Абдула