Қоғам

“Қызылжар су” серіктестігіне – 120 жыл

Тарихы тереңде жатқан кәсіпорын. Биыл “Қызылжар су” серіктестігі іргетасының қаланғанына 120 жыл толып отыр. Үздіксіз жұмыс істеп, бір ғасырды артқа тастаған аталмыш кәсіпорында қазір 800-ге тарта адам тер төгеді. Бүгін еңбектері еленген жандар мерейтойға орай марапатталды.

Қабжан Елемесов кәсіпорынға осыдан 14 жыл бұрын келген. Азамат мұнда жауапкершілігі жоғары қызметте. Ол күнделікті жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оқыс оқиғаны болдырмауға бар күш-жігерін салады. Ерен еңбегінің арқасында бүгін солтүстікқазақстандыққа кәсіподақ атынан Алғыс хат берілді.

ҚАБЖАН ЕЛЕМЕСОВ, “Қызылжар су” ЖШС еңбекті қорғау басқармасының инженері:

– Жұмысшылардың жағдайын жасау. Оған басшылық та, басқарма да көп көңіл аударуда. Бұл бағытқа жұмсалатын қаражат та 2-3 есеге ұлғайды. Мамандар терең шұңқырларда жұмыс істейді. Онда адамның денсаулығына өте қауіпті газдар бар. Сондықтан, оларды тиісті киімдермен қамту керек.

Ал Галина Пономарёва серіктестікте 84-ші жылдан бері жүр. Еңбек жолында нәзікжанды кәсіпорынның бірнеше бөлімінде еңбек еткен. Қазір зертханашы суды хлорлаумен айналысады. Енді жарты жылдан кейін азаматша құрметті еңбек демалысына кетпек.

ГАЛИНА ПОНОМАРЁВА, “Қызылжар су” ЖШС қызметкері:

– Ұжымымыз тату. Бәрі бір-біріне көмек беруге әзір. Жұмысымыз, әрине, оңай емес. Бірақ, бірлесе түрлі қиындықтардан өтудеміз. Маған қолдау білдіріп, еңбегімді елеген жандарға алғысымды айтамын.

Жалпы, бүгін серіктестік қабырғасында 90 адам құрмет-қошеметке ие болды. Енді тарихқа қайта көз жүгіртейік. Алғашында кәсіпорын желісінің ұзындығы небәрі 5 шақырымды құраған. Ал қазір 350 шақырымға жуықтайды. Соңғы жылдары оның 110 шақырымы ауыстырылды. 57 шақырым кәріз жүйесі жаңғыртылды. Апаттық жағдайлар да 2012 жылмен салыстырғанда 50% азайған.

АРМАН САУТОВ, “Қызылжар су” ЖШС атқарушы директоры:

– Су желілердің тозу көрсеткіші – 60%, ал кәріз жүйесінікі 57% құрайды. Республикалық бюджеттің арқасында 10-ға тарта жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта қаржы бөлінсе іске кірісеміз. Тозу көрсеткіші де төмендейді. 6 жылдан кейін ол 46% құрайды деген ниеттеміз.

Қазіргі таңда кәсіпорындағы жұмысшылардың орташа жалақысы 180 мың теңгені құрайды. Еңбекақын өсіру мәселесі серіктестікте бірінші кезекте қаралуда. Бұл арқылы басшылық кадрлық қиындықты да жеңеміз деп отыр.

 

Алдияр Айтпаев